Астана қаласында 8 оқушы менингитпен ауруханаға түсті

14:05, 18 қазан 2018
46

5 және 16 қазан аралығында Астана қаласында 8 мектеп оқушысы вирустық менингит диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Бастапқыда оқушылардың біреуінің жағдайы ауыр болған. Қазір барлығының жағдайы тұрақты. Бұл туралы Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Елордада №75, 23, 71, 79 және Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Астанадағы халықаралық мектептің оқушылары инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Оларға алдын ала вирустық менингит деген диагноз қойылған. Науқастардың қазіргі жағдайы туралы толығырақ қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов айтып берді.

"Қазіргі таңда Астана қаласының балалар инфекциялық ауруханасында 8 мектеп оқушысы емделіп жатыр. Оларға алдын ала вирустық менингит деген диагноз қойылды және олар Астана қаласындағы әртүрлі мектепте білім алып жатыр. Аталған ауруханаға 5-16 қазан аралығында келіп түсті. Қазіргі сәтте жетеуінің жағдайы тұрақты, ал біреуінің жағдайы — орташа ауыр. Оқушыларға симтомдық және вирусқа қарсы ем түрлері жасалып жатыр", — деді бас санитарлық дәрігер.

Сондай-ақ, маман мұндай ауру түріне шалдыққан кезде үйде емделмеуге кеңес берді. Сондай-ақ, менингиттің бұл түрінің күн қатты суытқанда бәсеңдей түсетінін айтты. Яғни дәл қазір бұл ауру түрі өршіп кетеді деп алаңдауға еш себеп жоқ.

"Бұл балалардың ауруханаға келмес бұрын бастары, бұлшық еттері мен тамақтары ауырған. Арасында жөтеліп, жүрегі айнып құсқандар да бар. Қазіргі сәтте барлығының жағдайы жақсы. Ережеге сай бұл ауру түрі 8-10 күнге дейін жалғасады. Емдеу кезінде ешқандай қиындық туындамайды. Бұл мәселеде бастысы — үйде жатып емделмеу. Себебі, кейде ата-аналар балаларын дәріханадан дәрі алып немесе таныстарынан кеңес алып емдейді. Ақырында ауруханаға ауыр жағдаймен түседі", — деді Сәдуақас Байғабылов.

2018 жылдың 9 айлық есебі бойынша Астана қаласында вирустық менингиттің 196 жағдайы тіркелді (85 оқушы) және барлығы емделді.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Хотите пропустить важные события? Не подписывайтесь на наш Telegram-канал.


Пікір