Астана билігі «сақалды» құрылыстардағы қаңтарылып тұрған қауіпті крандарды жоюға кірісті

11:37, 22 маусым 2018

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің тапсырмасымен қауіп төндірер жағдайлардың алдын алу мақсатында қаладағы «сақалды» құрылыстарда қаңтарылып тұрған крандарды алып тастау жұмыстары жүрзігіліп жатыр, деп хабарлайды Елорда инфо әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Осыдан аз уақыт бұрын құрылыс сапасына арналған жиында қала әкімі құрылысы тоқтап тұрған нысандарға тексеріс жүргізуді тапсырған болатын.

"Тексеріс нәтижесінде қаламызда құрылысы тоқтап тұрған 32 нысан бар екен. Осы нысандарда жалпы 49 құрылыс краны орнатылған, оның 10-ы адам өміріне қауіпті деп танылды. Олардың ішіндегі ең қауіптілері рельсті КБ-403, КБ-405 түрдегі крандар. Бұл арада не құрылыс компаниясы, не кран иесі өз мүліктеріне дұрыс қарап, күзет қоймағаны себепті крандардың қауіпсіз жұмыс істеуіне керек механизмдер мен тетіктер тоналған. Мұндай олқылықтар күшті жел мен дауылды күндері крандардың құлауына себеп болуы мүмкін", - делінген хабарламада.

Осыған байланысты оқыс жағдайлардың алдын алу үшін Астана әкімдігі мен Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті бірлесіп, құрылысы тоқтап тұрған нысандарда күзет арттырылып, құрылыс крандарын қадағалау күшейтілген. Тексеріс қорытындысы бойынша 35 кранның иесі анықталды, 11 кран бойынша толықтай немесе жартылай демонтаж жүруі тиіс, ал 12 кранға арест қойылып, екеуі толықтай алынып тасталған.

Айта кетейік, қазіргі кезде қаладағы құрылыс нысандарында 650 құрылыс краны жұмыс істеуде.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!