Асқар Мырзахметов Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады

19:37, 7 қараша 2019

Облыстағы білім нысандарының құрылысы бойынша 3 жылдық "Жол картасы" әзірленген десек, келер жылдың бюджетін нақтылау барысында аталмыш құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілуі мүмкін. Бұл орайда тұрғындардың қажеттілігі мен өзекті мәселелердің шешілу барысы басты назарға алынбақ. Бүгін Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов осыған айрықша көңіл бөлді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Аймақ басшысы алдымен қаладағы "Start" жекеменшік мектебінің жұмысымен танысты. 2017 жылы бой көтерген білім беру нысанының сыйымдылығы 160 бала. Бастауыш мектеп негізінде сабақ беретін оқу ордасында 4-сыныпқа дейінгі балалар қабылданады. Бүгінде онда 130 бала білім алуда. Оқушылар үшін барлық жайлы жағдай жасалынған мекемеде пән сабақтарынан бөлек спорттық, танымдық және өнер бағытындағы бес үйірме жұмыс жасайды. Сондай-ақ, мекемеге қарасты "Сәбижан" балабақшасын да бүлдіршіндер үшін қажетті қолайлылықтар қарастырылған.

Асқар Исабекұлы оқу ордасындағы білім сапасына назар аударып, мұндай жекеменшік мекемелердің тиімділігін, олардың санын арттырудың маңыздылығын баса айтты.

Бұдан соң өңір басшысы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Тараз қалалық №2 Халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратымен, №16, №22 және Ө.Жолдасбеков атындағы №50 орта мектептердің жұмыстарымен танысып, нысан ғимараттарының жай-күйін барлады. Олардың бірқатарына күрделі жөндеу, енді біріне жаңа ғимарат соғу мәселері қаралды. Айталық, Тараз қаласы Мәмбет батыр көшесінде орналасқан №50 орта мектептің сиымдылығы 540 оқушы десек, қазіргі таңда онда 1300-ден аса оқушы екі ауысымда білім алуда. Оның 600-ден астамы Қайнар алқабынан тасымал арқылы қатынап оқуда. Асқар Исабекұлы осыған аса назар аударып, Қайнар алқабынан 600 орындық мектеп соғуды келер жылдан кешіктермей бастауды тапсырды. Осылайша, аталмыш мектептегі оқушы сыйымдылығы шешілетін болса, ғимараты күрделі жөндеуден өтпек.

Қайнар алқабындағы 100 орындық жекеменшік "Ажар" балабақшасы мен 20 келушіге арналған отбасылық дәрігерлік амбулаторияға ат басын бұрған Асқар Исабекұлы, алқаптағы бұған дейін көтерілген өзекті мәселелердің шешілу барысына қанықты. Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев алқап тұрғындарының өтініші бойынша мұнда амбулатория, екі балабақша ашылып, көшелерді жарықтандыру жайы да жолға қойылғанын жеткізді. Сонымен қатар, қала ішілік № 12, 13 қоғамдық көліктер алқапқа қатынап, тұрғындардың көптен күткен тілегі орындалған. Алдағы уақытта алқапта балабақшалар саны артып, басқа да мәселелер назарда болмақ.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!