Алматылық ұстаздар арасында спартакиада өтті

15:16, 18 қаңтар 2019

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессор-оқытушылары мен қызметкерлері арасында дәстүрлі «Денсаулық» спартакиадасы мәреге жетіп, жарыс жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды zakon.kz, университеттің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқу орны ұжымының денсаулығын нығайту, спорттық шеберлігін шыңдау және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатындағы бәсеке 16-18 қаңтар аралығында өтті. Биылғы сайыс Қыздар университетінің 75 жылдығына арналды.

Спорттың арқан тарту, тоғызқұмалақ, волейбол, шахмат, үстел теннисі және жүзу сияқты алты түрінен өткен сайысқа 7 команда қатысты. Атап айтқанда, жарыс кезеңдерінде Әкімшілік-шаруашылық мәселелер жөніндегі бөлім, Педагогика және психология факультеті, Жаратылыстану факультеті, Өнер және мәдениет факультеті, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті, Әлеуметтік-гуманитарлық факультеті және Физика-математика факультетінің ұжымынан құралған командалар бақтары мен баптарын сынады.
Биылғы спорт додасына 200-ге жуық адам қатысып, өзара сынға түскен. Спартакиаданың жабылу салтанатында Қыздар университетінің Оқу және тәрбие ісі жөніндегі проректор Қайрат Жүніс сөз сөйлеп, жарыс жеңімпаздарын марапаттады. Сондай-ақ ол университет ұжымының арасында салауатты өмір салтын дәріптеуде осы тақілеттес шаралар зор септігін тигізетіндігін атап өтті.

– Барша азаматтардың денсаулығын нығайту – жарқын болашаққа апаратын алтын сүрлеу десе де болады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында дене шынықтыру мен спортты дамытуға айрықша көңіл бөлу қажеттігіне басымдық берген болатын. Қазіргі таңда осы бағытта ауқымды мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Бүгінгідей іс-шара алдағы уақытта да дәстүрден жаңылмай жалғасын таба беретініне сенімдіміз, – деді ол.

Екі күнге созылған спорт сайыстарының қорытындысы бойынша «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан командалар мен жекелей қатысушыларға Алғыс хат және Грамота табысталды.

Атап айтқанда, жалпыкомандалық есепте Физика-математика факультеті өзгелерден оқ бойы озып шығып, 1-орын алды. Жаратылыстану факультетінің ұжымы 2-орынды иеленсе, жүлделі үшінші орын Педагогика және психология факультетінің қанжығасында кетті.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!