Алматылық оқушылар «Желтоқсан» қаһарманы Ләззат Асанованың анасымен кездесті

17:30, 10 желтоқсан 2019
492

Алматыда № 152 гимназия оқушылары бүгін тәуелсіздік үшін бақилық болған Ләззат Асанованың анасына құрмет көрсетіп, 1986 жылдың желтоқсанында отан үшін жан тапсырған барлық азаматтарды еске алды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматының Чайковский атындағы музыкалық училищесінде қобызшы мамандығы бойынша дәріс алған Ләззат Асанова небары 16 жаста еді. Бірақ ел басына күн туғанда бойжеткен коммунистік режимнің отаршылдық саясатына қарсы батыл шығып, Қазақстанның егемендігі үшін құрбан болған. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында оқушылармен кездесуге келген оның анасы Алтынай сол бір қайғылы күнді күрсініп еске алады.

"1986 жылды еске алу өте ауыр. Қазір қатты толқып тұрмын. Ол күнді айтпасам да, халық біледі. Қазір халықтың көзі ашық. Бәрін түсінді. Мен халқыма, жастарға сенемін. Енді ондай нәубет қазақ еліне келмесін. Қазақ еліне өз елінің, өз жерінің қызығын көруге Алла нәсіп етсін", – деді Л.әззаттың анасы Алтынай ҚАУМЕТҚЫЗЫ.

2008 жылдың қарашасында Жаркент қаласында "Желтоқсан" көтерілісінің құрбаны Ләззат Асановаға ескерткіш ашылған болатын. Тәуелсіздік жолында бақилық болған ұл-қыздардың ерлігі бүгінгі және келер ұрпаққа қашан да аманат болмақ.

"Тәуелсіздік күні "Желтоқсан" көтерілісі қазақ жастарының қайсарлығының, ерлігінің арқасында келген. Осы Тәуелсіздік – болашақ ұрпаққа аманат. Мен бүгінгі жастарға сенемін", - деді Алтынай ҚАУМЕТҚЫЗЫ.

Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Бостандық үшін күрескен қайсар қыз Ләззат Асанованың жауынгерлігі бүгінде жастар арасында кеңінен насихатталып жүр. Еліміздің білім ошақтарында әр желтоқсан сайын егемендік үшін құрбан болған азаматтарды еске алу шаралары тұрақты түрде өтіп тұрады.

"Рухты жастарымызды отансүйгіштікке, елін сүюге тәрбиелеу осы бүгінгі күнгі іс-шаралардың негізгі мақсаты болып табылады. Осы ретте «Желтоқсан» қозғалысының, Тәуелсіздік жолында азаттық күрестің батыры Ләззат Асанованың анасыншақырылып отыр", – деді Алматы қаласы № 152 мектеп-гимназия директоры Римма ӘБДІКӘРІМОВА.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!