Алматыдағы блок-бекеттерде жағдай тұрақты

15:32, 20 наурыз 2020

Алматы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов қала әкімдігінде өткен арнайы брифингте блок-бекеттердегі жағдай туралы мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz.

Оның айтуынша, мегаполистің 27 кіреберісі мен шығаберісіне жол тосқауылдары орнатылғаннан кейін қалаға 17 810 автокөлік кірсе, ол көліктердің ішінде бас-аяғы 47 325 адам болған. Ал жалпы алғанда қаладан 27 032 адам бар 10 772 көлік сыртқа шыққан.

"Барлық сырттан келушілерге 22 наурызға дейін қаламыздан кедергісіз шығуға мүмкіндік бар. Блок-бекеттер нақты және еш шағымсыз жұмыс істейді. Азаматтардың жекелеген санаттары үшін ешқандай жеңілдіктер жоқ. Әр адам қауіптің жоғары дәрежеде екендігін түсініп, қалада белгіленген ережелерді қатаң сақтауы тиіс", – деген Е.Қожағапанов барлық алматылықтар мен қазақстандықтардың басты міндеті – вирустың таралуын болдырмау екендігін баса айтты.

Сұрақтар туындаған жағдайда тәулік бойы жұмыс істейтін – 1406 байланыс орталығына және Open Алматыға – 1308 нөміріне қоңырау шалыңыз. Егер сіз катаральды симптомдары бар адамдарды анықтасаңыз, жедел түрде қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тәулік бойы жұмыс істейтін 382-33-50 телефонына хабарлауыңыз керек.

Ресми ақпарат Алматы қаласы әкімдігінің сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында қолжетімді. Қосымша ақпараттар Telegram каналдағы Stopcov Almaty және Darmen мобильді қосымшасы арқылы шұғыл түрде жарияланып отырады.

Естеріңізге сала кетейік, 19 наурыздан бастап Алматы қаласының аумағына карантин енгізілген болатын. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруі мен шығуына шек қойылды.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!