Алматыда 2018 жылы тағы 600 аула жөнделеді

13:11, 19 сәуір 2018

Алматы. 19 сәуір. 7kun.kz – Алматы әкімі Бауыржан Байбек күнделікті жұмыс сапары барысында мегаполистің көшелері мен аулаларын абаттандыру жөнінде бірқатар тапсырмалар берді және Бостандық ауданындағы Гагарин көшесінің жөнделуін тексерді деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қалада 2018 жылы ұзындығы 155 км  болатын 157  көшені жөндеу, сонымен қатар  Мақатаев, Байтұрсынов және Жароков көшелеріндегі трамвай жолдарын алып тастау мен оларды абаттандыру жоспарланған. Алматыны реконструкциялау аясында бірқатан негізгі даңғылдар мен көшелер,   соның ішінде Абай, Абылайхан, Достық, Назарбаев даңғылдары  және басқалары жаңарады, модернизацияланады.

Гагарин көшесін аралаған кезде қала басшысына жыл аяғына дейін Бостандық ауданында 36  көшенің жөнделетіні, 11 қосымша бекет кешендерінің орнатылатыны баяндалды. Ұзындығы 7,4 км. болатын арық жүйесі жаңарады. 12 жер асты және 7 жер үсті өтпелі жолдарды жөндеу жоспарланған. Аудан тұрғындарының өтініші бойынша «Южный» және «Дружба» саябақтары ретке келтіріледі.

Сонымен қатар, егер өткен жылы Бостандық ауданында 30 аула күрделі жөндеуден өтсе, биылғы жазда 130  аула жаңарады.

«Шындығына келсек, әрқайсымыз үшін қала өз ауламыздан басталады. Көшелер мен даңғылдарды қайта жаңғыртып, алматылық аулалардың қазіргі  жағдайына көз жұмып қарай алмадық. Сондықтан Мемлекет басшысының Жолдауын және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» ескере отырып, біз бюджетті қайта қарап, оған барынша әлеуметтік негіз бердік, әрі нақтылы жобалар мен нәтижелерге бағыттадық. Егер өткен жылы біз 455 аула алаңдарын абаттандырсақ, биылғы жылы қаланың барлық аудандарында 585 аула қосымша жөнделетін болады», – деді  Бауыржан Байбек.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!