Алматыда жемқорлыққа қарсы жиын өтті

17:48, 25 қыркүйек 2018

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде білім саласындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылауға арналған жиын өтті, деп хабарлайды zakon.kz оқу орнының Баспасөз орталығының жетекшісі Жандар Асан берген мәліметке сілтеме жасап.

Оқу орнының ұжымы мен қызметкерлері қатысқан басқосуда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин қоғам болып күресетін қауіпті індет деңгейінің төмендеуіне қарамастан, білім жүйесінде жемқорлық қаупінің әлі де бар екенін айтты.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, жемқорлықпен күрестің тиімділігі бүкіл қоғамның жұмылып, белсенді атсалысуына тікелей байланысты болмақ. Олай болса, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйым өкілдері, сарапшылар мен ұстаздар қауымының басты міндеті – қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру. Елбасының қолдауының арқасында соңғы 15 жыл ішінде білім саласына жұмсалған қаржы 10 есе артты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халықаралық білім кеңістігіне еніп, үлкен жетістіктерге жетті. Десе де білім саласы жемқорлық қаупіне бейім болып отыр. Біз жемқорлықты жою шаралары көпшіліктің, соның ішінде білім саласының қызметкерлерінің қолдауына ие болады деген сенімдеміз, – деп атап өтті А. Бердалин.

Ал «Саналы ұрпақ» Жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Тоқышев «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» жемқорлыққа қарсы жобасы аясында білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдерінің картасы турасында айтты.

– Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасының жобасы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің жанындағы жемқорлыққа қарсы технологиялар ғылыми-зерттеу институты тарапынан жасалған. Бұл құжат мектепке дейінгі оқу мекемелерінен бастап жоғары оқу орындарындағы басқару, қаржы-шаруашылық, білім-ғылым, әлеуметтік-тәрбиелік сияқты білім беру салаларының барлық қызметін қамтыған. Жемқорлық тәуекелдері бағаланатын болса, онда шетелдік тәжірибеге сүйене отырып жемқорлыққа тосқауыл қойылатын тиісті технологиялар мен білім беру мекемелерінің ресурстарын тиімді пайдалану бойынша нұсқаулар жасауға мүмкіндік туады, – деді ол.

Қайыржан Тоқышевтың айтуынша, «Саналы ұрпақ» Жобалық кеңсесі жастардың арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана мен мәдениетті қалыптастыруды көздейді. Академиялық әділдікті қамтамасыз етіп, озық халықаралық құқықтық тәжірибені енгізіп, тиімді әдістемелерді жасайды. Жобалық кеңсе құрастырған жемқорлыққа қарсы технологиялар мен жемқорлық тәуекелдері картасының кезеңдік және жүйелік жұмысы болашақта білім беру мекемелерінің жемқорлыққа қарсы жасаған қызметіне қатысты барлық деңгейдегі рейтингілік баға көрсеткіштері мен нақты мониторинг критерилерін жасауға септігін тигізеді.

Өз кезегінде Қыздар Университетінің Стратегиялық даму және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Лаззат Булебаева жемқорлықпен күрес бағытында оқу орнында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Оның айтуынша, бүгінде университет студенттерінің арасында «Таза сессия», «Адал жол», «Парасыз сессия» акциялары тұрақты түрде ұйымдастырылып, «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбындағы семинарлар өтеді.

– Жоғарыда аталған шаралар білім мекемесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті шынайы бағалауға мүмкіндік береді. Олардың барлығы жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділік дәрежесі бойынша сараланатын болады, – деді Лаззат Булебаева.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!