Алматыда «схема» ойлап тапқан жігіт фирмаларды 20 млн теңгеге алдады

09:31, 21 қыркүйек 2021

© Сурет: zakon.kz

Алматыда "жеткізуші" болып жұмыс істеген жігіт жалған шот-фактуралар жасап, фирмаларды үлкен ақшаға алдап кетті, деп хабарлайды zakon.kz.

Алматы ПД-ның хабарлауынша, полиция қызметкерлері алаяқтық әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен 30 жастағы азаматты ұстады. Қазіргі уақытта үш қылмыстық іс бір өндіріске біріктірілді, ҚР Қылмыстық кодексінің 190 бабының 2 бөлігі, 4 тармағы (алаяқтық) бойынша тергеу жүргізілуде.

Азамат С. қаладағы түрлі компаниялардың қоймаларына "жеткізуші" болып жұмысқа орналасқан. Біраз уақыттан кейін қызметкерлердің сеніміне кіріп, қоймадан тауар шығару үшін жалған шот-фактуралар жасаған. Тауарды алған соң көзден таса болды. Тағы біраз уақыттан соң қылмыстық жолмен алған тауарларын интернет-сайттар арқылы нарықтық құнынан төмен бағаға сатты. Жалпы залал 20 миллион теңгені құрады, дейді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.

Жас жігіттің алдау схемасын өзі ойлап тапқаны және жалғыз әрекет еткені анықталды.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторында. Тергеу шаралары жүргізілуде.

Жайна Тәттімбетова


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!