Алматыда шағын көшені әлдекімдер ақылы жолға айналдырып алған

23:29, 2 желтоқсан 2021
213

© Сурет: pixabay

Шырылдаған кәсіпкерлер бұл заңсыздықтың жақын маңда тыйылатынына күдікпен қарайды. Себебі, жақында белгісіз топтың өрескел әрекетін бетіне басқандарды соққыға жығып кеткен көрінеді.

Алматыда бір топ жеке кәсіпкер әлдекімдердің қаладағы көлік саймандарын сататын ең ірі базар маңындағы шағын көшені бір айдан бері ақылы жолға айналдырып жібергенін айтып, шағымданды, деп хабарлайды Zakon.kz.

«Кар Сити» базары жанындағы тар көшені әлдекімдердің табыс көзіне айналдырғанына бір айдан асыпты. Қызғыл сары күртеше кигендер көлік иесінің бәрінен ақша талап етіп жүр. Ал ашулы кәсіпкерлер 10 жылдан астам уақыт емін-еркін жүрген қоғамдық жолдың аяқ астынан ақылы болғанына аң-таң. Тіпті оңай олжаны көздеген белгісіз топ кәсіпкерлердің өзінен ақша алуға көшіпті. «Соның кесірінен клиентеріміз қашып жатыр» деген шағымданушылар жергілікті билік өкілдерінен бір шара қолдануды сұрайды, делінген КТК жаңалығында.

Осы жаққа кіріп, көлігін жөндеп кетуге немесе бізге жұмыс орнымызға кіру үшін осындай қойып жатыр. Осы жерде жұмыс істейтін біздің өзімізден 100 теңгеден, келетін клиенттерден 200 теңгеден. Барып сөйлесейік десек, сөйлеспейді. Байланысқа шықпайды. Енді соны түсінбей отырмыз, не істерімізді білмейміз. Жеке кәсіпкер Медеу Абайбеков

Базар маңындағы шағын көшенің тұйықталатын тұсында сандаған техникалық жөндеу орталығы бар. Ол жерде 100-ден аса жеке кәсіпкер көлігін жөндетушілерге түрлі қызмет көрсетеді. Алайда көшенің ақылы жолға айналуы қиындықты үдетіп жіберді, - дейді наразы жұрт. Өйткені соңғы кезде клиенттер тарапынан шағым көбейіпті.

Бұл жерде автотұрақ орны жоқ. Тек жол ғана. Бұл жерден ақша алып жатқан адамның бізге қатысы да жоқ. «Сендерге кіріп-шыққаның өзіне 200 теңге төлейміз» деп клиенттеріміз арыз түсіруде. Ал бір клиент: «тамақ ішуге келгенмін, не үшін төлеймін» деп айтады. Жеке кәсіпкер Самат Байболов

Базар әкімшілігінің өкілдері бұл келеңсіздікке «қатысымыз жоқ» деп отыр. Себебі, дауға айналған жол базар аумағына енбейді екен. Ал кіреберіс жол бойында ақша жинап тұрғандарға жақындағанымызда біреуі бет-жүзін көрсетпей тұра қашты. Оның серіктесі де сылтауратып тайып тұрды. «Әрекетіміз заңды» деп құжатын ұсынған ешкімді көрмедік. Енді бас-басына би болып оңай олжаны көздегендердің ізіне әкімдіктегілер шам алып түспек.

Төле би - Яссауи қиылысында орналасқан «Кар Сити» сауда орны маңайында автотұраққа заңзсыз ақша жинау мәселесіне байланысты қазір аудан аппаратының мамандармен және жергілікті полиция қызметімен бірлесіп тексеру жүргізілуде. Тексеру аяқталғаннан кейін заңдылықтарға сәйкес тиісті шара қабылданады. Әуезов ауданы кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Зәкіржан Алтынқожаев

Шенеуніктер «заңсыз ақша жинағандармен күресті күшейтіп, барлығын бақылауда ұстаймыз» деп сендіреді. Бірақ шырылдаған кәсіпкерлер бұл заңсыздықтың жақын маңда тыйылатынына күдікпен қарайды. Себебі, жақында белгісіз топтың өрескел әрекетін бетіне басқандарды соққыға жығып кеткен көрінеді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!