Алматыда 84 мыңға жуық ағаш апатты жағдайда

10:33, 26 мамыр 2022
100

© Сурет: Zakon.kz

Қалалық Жасыл экономика басқармасы мәселені шешуге 5 жыл уақыт керек дейді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алматыда 84 мыңға жуық ағаш апатты жағдайда. Олардың көбі өткен ғасырда отырғызылған, деп жазады Almaty.tv.

Қалалық Жасыл экономика басқармасы бұл мәселені шешуге 5 жылдай уақыт керегін айтады. Ал өміріне алаңдаған тұрғындар бұл ұзақ мерзім деп, күтер емес. Түсі кетіп, жапырағынан айрылған ағаштарды «жасыл желек» деп айтуға келмес. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кепкен бұтақтар қаланың көркінен бұрын, жұрттың құтын қашырған. Сөздеріне сенсек, кей ағаштың ғұмыры жарты ғасырдан асқан.

«Бұл ағаштардың астына көлік қойсаң, сау жері қалмайды. Әсіресе жел тұрғанда, әрең тұрған бұтақтар құлап жатады. Көлік жарайды, ол – темір. Ал адам құны ше? Мұның астынан өту соңғы уақытта қатерге бас тігумен пара-пар болды», – деді қала тұрғыны Александр Косаткин.

Ал Жасыл экономика басқармасы қаладағы апатты ағаштарды құртудың жобасы жасалғанын айтты. Тіпті, оны бастап та кетіпті. Жыл басынан бері адам өміріне қауіп төндірген 3,5 мың апатты ағаш кесілген екен. Бұл мәселені 5 жыл ішінде шешеміз дейді

«Ағаштардың көбінде діңгегі бүлінген. Себебі олар XX ғасырдың 60-70 жылдары отырғызылған. Одан бөлек, құрылыс барысында, басқа да түрлі себеппен бүлінген жасыл желектер бар. Тұрғындарға қауіп төндірген ағаштарды алып тастаймыз», – деді Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Олжас Жаныспаев.

Алматыда 3 миллионға жуық жасыл желек бар. Ал апатты деп танылып, тамырымен алып тасталынған ағаштардың орнына 10 түптен отырғызылуы тиіс екен. Бұл қала экологиясын қалыпта ұстау үшін маңызды дейді жауаптылар. Сондықтан күздің соңына дейін 360 мың дана ағаш отырғызылмақ.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!