Алматыда «Мега Тауда» ұялы телефон сататын жігіт оңбай ұсталды

12:13, 10 желтоқсан 2019
417

Алматы қаласының полициясы прокуратурамен бірлесе отырып ұрланған телефондарды сатумен айналысатын халықаралық арнаны жапты, деп хабарлайды zakon.kz қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы полициясының арнайы операциясы негізінен Қордай кеден бекетінде жүргізілді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде ізкесушілер 1996 жылы туған қырғыз азаматы тізгіндеген Honda көлігін тоқтатты. Көліктің жүк салғышынан құжаты және SIM картасы жоқ әртүрлі маркалы 45 ұялы телефон шықты. Бұл факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 196-бабының 1-бөлігі бойынша тіркелді.

Ұсталған азамат осы жылдың жаз айынан бастап Алматыда қолданылған телефондарды төмен көтерме бағамен сатып алумен айналысқанын айтты. Ол Алматыдағы "Мега Тау" сауда үйінде ұялы телефондар сататын тек бір саудагермен жұмыс істеген.

- Ұсталған адамның айтуы бойынша, ол екі жерлесімен бірге апта сайын Алматыға келіп, ондаған смартфондар мен басқа да гаджеттерді сатып алып, оны Бішкекте жоғары бағаға сатумен айналысқаны анықталды. Сонымен бірге, Алматыда арнайы жасақ сарбаздары "Мега Тау"-дағы 1989 жылғы сатушыны ұстады. Ол ұрланған ұялы телефондарды сатумен айналысқанын мойындады. Оның жұмыс орнында тінту жүргізу кезінде 64 ұялы телефон тәркіленді, - деді Алматы қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жанболат Зиадин.

Сонымен қатар полиция басты қылмыскерлерді ұстау алдында олардың заңсыз әрекеттерінің негізінде процедуралық жолмен дәлел жинап, оны қылмыстық іс материалдарына тіркеп отырған.

- Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Таяу уақытта ұрланған телефондарды Алматыға қайтару шаралары қарастырылып жатыр. Естеріңізде болса, бірнеше жыл бұрын біз Алматыдан ұрланған 100-ден астам мобильді құрылғыларды Қырғызстан аумағынан тауып, оны тәркілеп, кейін заңды иелеріне қайтарғанбыз, - деді полковник Зиадин.

Сондай-ақ, Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі бұған дейін ұрланған мүлікті иемдену және сату мәселелері Алматы қаласы прокуратурасының Үйлестіру кеңесінің отырысында талқыланғанын да қоса атап өтті.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!