Алматыда кеңсе тонайтын ерекше аферист ұсталып қалды

17:08, 12 тамыз 2019

Алматы полицейлері кеңселерден ұрлық жасайтын алаяқты ұстады, деп хабарлайды Zakon.kz қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Департаменттен хабарлағандай, бұл жігіт өзі ойдан құрастыратын өтірік әңгімелерінің көмегімен адамдарды сендірудің психологиялық әдістерін мықты меңгеріпті. Содан алдау және сенімге кіру арқылы қаладағы жекеменшік кәсіпорындардың бірінің кеңсе қызметкерлерінен мүлік ұрлады. Оның ұрлаған заттарының құны жарты миллион теңгеден асып кеткен екен.

- Ер адам қаладағы кеңселердің біріне кешкісін, ондағы қызметкерлер үйлеріне қайтуға асығып отырған сәтте кіріп келген. Ол екі күннің ішінде бір кеңседен 150 мың теңге тұратын проектор, 250 мың теңге тұратын фотоаппарат, 140 мың теңге тұратын Sony Playstation 4 ойын консолін джойстиктерімен бірге және 40 мың теңге тұратын Samsung теледидарын ұрлап әкеткен. Оның бұл заттарды сатудан тапқан ақшасы екі айға ғана жетіп, сосын ол тағы да "тірлікке шығуға" бел буады. "Таугүл" ықшамауданын тіміскілеп жүрген ол тағы да адамдардың сенімін асыра пайдаланып, 200 мың теңге тұратын видеопроекторды сып еткізген. Осыдан кейін ол Алматыдан кетуге асықты, бірақ оны біздің қызметкерлеріміз Нұр-Сұлтан қаласында ұстады, - деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бөлімінің бастығы Жасұлан Тұрыспаев.

Тергеу дерегінше, бұл аферистің құрбандары әлі де көп болуы мүмкін. Соған байланысты ұсталған адамның басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы мұқият тексерілмек. Егер күдіктіні таныған жәбірленушілер болса, полиция олардан 298-53-70 немесе 298-53-71 телефон нөмірлері арқылы хабарласуды сұрайды.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!