Алматыда дамудың жаңа стратегиясы талқыланды

12:32, 27 қараша 2017

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Жаһандық дамудың жаңа стратегиясы» атты жиын өтті, деп хабарлайды оқу орнының баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан.

Қазақстандағы ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері, белгілі ғалымдар мен жоғары оқу орнының ұжымы қатысқан басқосуда Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының мәні мен маңызы кеңінен талқыланды.

Жиынды Қыздар университетінің Стратегиялық даму және халықаралық байланыс жөніндегі проректоры Алмагүл Құлтуманова кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.

– Мақаланың «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» деп аталған алғашқы тарауында Елбасы жаңа ғасырдың талаптарына төтеп беру үшін экономикамыздың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, сананы жаңғыртудың бірнеше ерекшелігін алға тартты. Дәлірек айтқанда, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, салтымызды сақтап, дәстүрлерімізді дәріптеп, рухани байлықтарымызды абаттандыруға шақырды. Жершілдік секілді жаһандық жаңғырудың талаптарымен жанаспайтын жағымсыз әдеттерден арылып, ысырапшылдықты ысырып, ықылым заманнан қалыптасқан ымырагершілікті ыдыратпаудың ыңғайын егемен елге еркін тілмен тағы бір мәрте жеткізді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы өскелең ұрпақты тәулік сайын түрленген технологиялық дәуірдің қарқынынан қаймықпай, білім кеңістігінде мемлекет ұсынған мүмкіндіктерден құр қалмай, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға қауқарлы болуын да атап өтті. Бұл – Елбасының өсиетін өскелең ұрпаққа өнеге етуінің өлшеусіз үлгісі деген сөз, – деді А. Құлтуманова.

Пайымдай білген адамға рухани жаңғыру – бұл адам сана-сезімінің, сенімі мен сапасының, білімі мен өмір сүру тәсілінің көрсеткіші. Ал, жастардың рухани байлығы дегенде бірінші кезекте, олардың білімділігі, ана тілін білуі мен мәдени деңгейі, дүниетанымдық ой-өрісі тұрады. Осыған орай жиын барысында Елбасының бағдарламалық мақаласына белгілі ғалымдар да орамды ойларын айтып, пайымды пікірлерімен бөлісті.

Философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жақып Алтаев «Рухани жаңғыру – ұлттық дамуымыздың негізгі іргетасы» тақырыбында әңгіме өрбітті.

– Патриотизмнің парасаттылығын пайымдайтын «Туған жер» бағдарламасының қолға алынатынын айтқан Президент адамзат баласы үшін қастерлі ұғым саналатын туған жердің қадір-қасиетін саралай өтті. Бұл бағдарлама өз кезегінде еліміздің әрбір аймағында өткеннен сыр шертетін көне ғимараттар мен тарихи ескерткіштерді, мәдени нысандарды қалпына келтіруді, өңірлерде өлкетану, экологиялық тазарту жұмыстарын жүргізуді, ауыл-аймақты абаттандыруды көздейді. Кәсіпкерлер де, зиялы қауым өкілдері де, шенді-шекпенділер де, жастар да туған жерлеріне қамқорлық танытып, жанашырлықтың жаңаша үлгісін көрсетулері қажет екенін ұсынған Елбасының бастамасы көпшілік тарапынан қызу қолдауға ие болуы қажет, – деп атап өтті Ж. Алтаев.

Басқосу барысында филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректорының кеңесшісі Бауыржан Жақып, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Қазақстан тарихы және гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Зейін Айдарбеков, философия ғылымдарының докторы, профессор Сапар Оспанов, философия ғылымдарының докторы, доцент Берік Аташ XXI ғасырдағы ұлттық сана үндестігі, Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы орны, ұлттық кодтың рухани негіздері жайында әңгіме қозғап, жасампаздықтың жарқын жылдарындағы жақсылықтарды тілге тиек етті.

Шара қатысушыларының пайымынша, әлеуметтік жаңғырудың басты элементі технологиялық тұрғыда ойлаудың сапалы деңгейіне көтерілу және заманауи қоғамның талаптарына сай болу болмақ. Бұдан бөлек, жастарымыз әлеуметтік және рухани жаңғырудың алдыңғы қатарлы әдістемелерін игеруді мақсат етумен қатар, ғасырлар бойы жинақталған ұлттық құндылықтарымызға негізделген бай тәжірибемізді, ұлтымыздың өзгелерге ұқсамайтын басты ерекшеліктерін сақтап қалуы керек.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!