Алматыда бүтін бір отбасы шифердан тұрғызылған күркеде өмір сүріп жатыр

11:03, 22 маусым 2018
589

Алматы облысында бір отбасы бірнеше айдан бері шифердан тұрғызылған күркеде тұрып келеді. Пәтер жалдауға жағдайлары келмегендіктен осындай күйге түскен. Отағасы қыс түспей екі бөлмелі болса да баспана тұрғызуды армандайды. Ал жергілікті атқамінерлер отағасына жұмыс та тауып береміз, асарлатып үй де саламыз деп уәде беруде. Бұл туралы stan.kz Еуразия бірінші арнасы берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Бексұлтанның отбасы бірнеше айдан бері күркені паналалауға мәжбүр. Пәтерге төлейтін ақшалары болмағандықтан, ескі шиферлардан уақытша баспана тұрғызып алыпты.

«Балаларға қолайсыз болып жатыр. Қолайсыз болса да, осы жерде тұрып жатырмыз. Кейбір кезде дәу тышқандар бар, кіріп кетеді. Маса, шыбын-шіркейлер бар. Балаларды шағып кетеді, әйтеуір» – дейді Өрнек ауылының тұрғыны Нәбира Манап.

Жергілікті дәрігерлер отбасының тұңғышы Ерзат арнайы есепте тұратынын айтады. Бала тұқым қуалайтын ауруға шалдығыпты. Салдарынан көп қан жоғалтқан. Ал жүрегінде ақауымен туылған кенжелері де дәрігерлер бақылауында екен. Айтуларынша дәрі-дәрмекпен тегін қамтылуда.

«Тромбоцид деген зат бар қанның құрамында. Ол бір-біріне жабысып ұю керек. Бір кездерде қан көп жоғалтып, сол ұйымау себебінен бала қан аздықпен зардап шегеді. Сол үшін біз оған «Ферабит» деген қан толтыратын тегін дәрі береміз» – дейді Балтабай ауылдық дәрігерлер амбулаториясының балалар дәрігері Гүлжаз Тұрдыбек.

Шифердан тұрғызылған нысан бір қарағанда құрылыс материалдарын сақтауға арналған жаппа сияқты болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл бес жаннан тұратын Самсабектер отбасының негізгі баспанасы. Отағасының басты арманы қара күзге дейін мына жерден екі бөлмелі үй тұрғызу.

Ақысын төлей алмаған соң жалдамалы пәтердің қожайыны оны босатуды сұраған. Ал қолжетімді ақшаға өзгесін таба алмаған отағасы өзінің жер теліміне шағын баспана соғуды ұйғарыпты. Бірақ оның да ақшасын да әлі толық өтемеген. Құрылыс материалдарын да қарызға алғанын айтады.

«Кірпішті қалайын деп тұрмын. Ана ағаштарды бір ағалар қарызға алып берді. Ақырын-ақырын, аздан төлеп тұрамын деп алдым. Енді ана кірпіштерді қалап көремін. Жетпей қалса, және де көреміз» – дейді Өрнек ауылының тұрғыны Бексұлтан Самсабек.

Ал ауылдық округ әкімі бұл отбасы күркеде емес, жанындағы пәтерде тұрады деп сендірмек болды.

Дегенмен ауыл халқын асарға жұмылдырып, қыс түскенше екі бөлмелі үй салуға жәрдесеміз деп уәдені үйіп төкті. Көп ұзамай құрылыс жұмыстары басталмақ.

«Жәрдемақы алу үшін, біз оны жұмыспен қамтып, қазір бізге жұмысқа кірді. Алдымен өзі жұмысқа кірді, содан кейін жәрдемақы тағайындады. Осы айдың аяғында алады. 35-40 мың алады» – дейді Балтабай ауылдық округінің әкімі Жұман Мықыбаев.

Осылайша, ауыл әкімі бұл отбасын назардан тыс қалдырмаймыз деп сендірді.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!