Алматыда айт күндері 5545 отбасыға құрбандық еті үлестірілді

21:02, 2 тамыз 2020

Бүгін, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасымен іске асып жатқан "QURBAN-2020" онлайн қайырымдылық акциясы аясында Алматы қаласы өкілдігі бойынша 1108 уақ мал (қой, тоқты, ешкі), 50 ірі қара (сиыр) құрбандыққа шалынып, 5545 отбасыға және 14 мекемеге құрбандық еті үлестірілді, деп хабарлайды zakon.kz Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл көрсеткіш Құрбан айттың үш күнінде онлайн құрбандық шалу рәсімін карантиндік талаптарды сақтау үшін іске қосылған Qurban2020.kz вебсайты арқылы жүзеге асты. Яғни, қашықтан онлайн құрбандық шалуға ниет білдіріп, аталған сайт арқылы мал түрін таңдап, ақшасын аударған жандардың шалған құрбандықтары мұқтаж отбасылардың үйлеріне жеткізілді.

Құрбандық етін қуана қабыл алған қала тұрғындары да онлайн қайырымдылық шарасын ұйымдастырғандарға Алланың разылығы мен сауабын тіледі.

Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде: "(Құрбандық етін) Одан өздерің де жеңдер және мұқтаж, пақырларға да жегізіңдер" ("Хаж" сүресі, 28-аят) деп айтқандай, шарапаты мол айт күндері ашыққанның қарнын тойдырып, көңілдерге қуаныш сыйлауға үлес қосқан жергілікті билік пен "Нұр Отан" партиясының өкілдеріне, Алматы қаласы мешіттерінің діни қызметкерлері мен еріктілер тобына, жанашыр жамағат пен жомарт жандарға үлкен алғыс білдіреміз. Жаратқан Жаппар Хақ ізгі ниетпен шалған құрбандықтарымыз бен дұға-тілектерімізді қабыл етіп, елімізді жұқпалы індет пен түрлі жамандықтардан сақтап, төрт көзімізді түгел бейбіт күндерге жеткізсін. Әмин, делінген хабарламада.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!