Алматы тұрғындары жөнделуі тиіс көшелерді өздері таңдайды

09:49, 9 тамыз 2018
374

Алматы әкімдігі жөнделетін көшелерді қала тұрғындарының өздеріне таңдауды ұсынып отыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Қай көшеге тротуар жасалуы тиіс? Жергілікті билік осы мәселе бойынша да тұрғындардан нақты ұсыныс күтеді. Бұл туралы Алматы әкімдігінің ресми өкілі Тимур Базарбаев хабарлады. Соңғы үш жылда жалпы ұзындығы 500 шақырым болатын 524 көше жөнделіп, ондаған шақырым тро-туар салынған. Биыл орташа жөндеумен 157 көше қамтылған. Оның басым бөлігіндегі жұмыстар аяқталды. Қалған көшелердегі жөндеу жұмыстарын әкімдіктегілер 25 тамызға дейін бітіреміз деп отыр. Қазіргі кезде жол сапасына жауапты басқарма келесі жылдың жұмыс жоспарын жасау үстінде. Сол себепті қала тұрғындары өз өтінімдерін арнайы zhol.almaty@a-a.kz электронды жәшігіне жолдай алады. Талап-тілектер осы жылдың қыркүйек айының соңына дейін қабылданады.

- Мемлекеттік қызметші ретінде біз үшін бірінші кезекте қала тұрғындарының пікірі маңызды. Біз өз жұмысымызды жария түрде, есеп беру қағидаларына сүйене отырып істегіміз келеді. Қай көшені жөндеу керек, қай жерге жарық бағаналары қажет? Осы жайында тұрғындармен ақылдасуды жөн санап отырмыз. Өйткені бұл мәселелерді олардан артық ешкім білмейді. Келесі жылғы жөндеу жұмыстарын осындай ұсыныстарды ескере отырып бастайтын боламыз, - дейді қала әкімдігінің ресми өкілі Тимур Базарбаев.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!