Алматы облысының полициясы отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуда

09:52, 11 желтоқсан 2019

"Алматы облысының тәртіп сақшылары тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау және оның құрбаны болған жандарға мүмкіндігінше қолдау көрсету бойынша түрлі шаралар өткізді. Жыл сайынғы "Зорлық-зомбылықсыз 16 күн" дәстүрлі акция аясында ұйымдастырылған игі шараларға жергілікті кәсіпкерлер, оқушылар мен студенттер және әртүрлі сала мамандары жұмылдырылды", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Қайырымдылық іс-шарасы. Акция аясында Талдықорғандағы "Деликатесы" мейрамханасы Зорлық-зомбылық көргендерге әлеуметтік көмек көрсету орталығындағы аналар мен балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, түрлі тағамдар мен сусындарды, тәттілерді және балаларға арналған жаңа жылдық сыйлықтарды табыстады.

Осындай игі шараны өткізуге қолдау көрсеткен "Деликатесы" мейрамханасының басшысы Бақытжан Жарылқасынқызына алғыс айтылды.

"Бақытты балалық шақ - бақытты отбасы". Осындай ұранмен облыс орталығының кадеттері тәрбие сағатын өткізіп, акцияға ат салысты.

№ 18 Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы мектеп-гимназияның кадет сыныбының тәрбиеленушілері құқық бұзушылық жасауға бейімділік ойын баласы кезінен қалыптасатын жаман әдет екенін айтып, оның алдын алу қажеттілігін жеткізді.

Сонымен қатар, "Отбасылық зорлық-зомбылыққа жол жоқ", "Барлық бала бақытты болу үшін жаралған", "Бақытты балалық шақ - бақытты отбасы" тақырыптарын талқылаған оқушылар өз ойларын қыл қаламмен салынған суреттері арқылы бейнеледі.

Республикалық іс-шараға Іле ауданының полицейлері "Даму" индустриялды-логистикалық орталығы" жұмысшыларымен кездесу өткізді. Кездесуге қатысушыларға отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заңнама нормалары түсіндірілді. Оларға зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болған жағдайда полицияға немесе Алматы және Талдықорған қалаларында орналасқан Дағдарыс орталықтарына хабарласу қажеттілігі айтылып, орталықтардың қызметі мен байланыс телефондары туралы ақпарат берілді.

Жамбыл ауданының тәртіп сақшылары аудандық Мәдениет үйінде тұрғындарымен кездесу ұйымдастырды. Іс-шара барысында Ұзынағаш ауылының Абай Құнанбайұлы және Наурызбай батыр атындағы мектептерінің 8-сынып оқушыларынан құралған полицияның жас көмекшілері отбасылық құндылықтар туралы арнайы әзірленген көрініс қойып, мерекелік көнцертпен жалғастырды.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!