Алматы облысында заңсыз аң аулағандар қолға түсті

17:46, 19 қыркүйек 2018

Алматы облысында полицейлер табиғат қорғау органдарымен бірлесе отырып, заңсыз аң аулау мен заңсыз ағаш кесулердің алдын алуға бағытталған «Браконьер» алдын алу іс-шарасын өткізуде. Аталған іс-шара 10 қыркүйекте басталып, айдың 28-күніне дейін жалғасады, деп хабарлайды Zakon.kz облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Рейдтер барысында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 37 фактісі анықталды. Оның 11 дерегі бойынша қылмыстық тергеу жүргізілуде.

«Браконьерлерден 15 куб заңсыз дайындалған сексеуіл тәркіленді. Сонымен қатар, қызыл кітапқа енген тораңғы ағашын қысқы отын ретінде дайындау фактісі анықталды. Сарқан ауданында елік атқан Талдықорған қаласының тұрғыны ұсталса, Ұйғыр ауданында аңшылық жасау кезінде тау текесін атып алған бес ауыл тұрғынынан құралған топ қолға түсті. Ұсталғандардан 5 қару-жарақ тәркіленді, оның төртеуі заңсыз қару болып шықты. Қылмыстық жауапкершілік көзделетін фактілер бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, қылмыстық өндіріс жүргізілуде»,- деп хабарлайды Алматы облысы ІІД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, тәртіп сақшылары осы іс-шара кезінде 26 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде, аңшылық үшін – 8, балық аулау тәртібін бұзған – 9, қаруды сақтау және алып жүру ережесін сақтамаған 8 адам анықталған.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!