Алматы облысында қызды кепілдікке алып қарызын талап еткен қаскөй ұсталды

09:12, 23 мамыр 2019

Алматы облысында 11 жастағы оқушыны ұрлап кеткен азамат ұсталды. Күдікті мектептен шыққан қызды әкең күтіп отыр деп алдап, ертіп кеткен. Сосын ата-анасына хабарласып, ақша талап еткен, деп хабарлайды Zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Күдіктінің айтуынша, ұрланған қыздың әкесі ақша берешек болыпты. Арам оймен қарызын қайтарудың жолын іздеген азамат осылай есеп айырысуды көздеген. Тіпті ата-анасына хабарласып, тез арада қажетті қаржыны тауып беруін талап етіпті.

Ләззат Қуанова, ұрланған қыздың анасы:

- 110 мың теңге сұрады. Қаражатты 1 сағаттың ішінде карточкаға аудару керектігін айтты. Тәртіп сақшылары іске кіріспегенде, қызымды қандай жағдай күтіп тұрғанын ойлаудың өзі қорқынышты.

11 жастағы оқушы әкесі мен күдікті өзара таныс болған соң, алғашында кепілге алынғанын білмепті. Ал қылмыстың ізін ашуға Қарасай ауданының полицейлері түгел жұмылдырылған.

Самат Сатқанбаев, Қарасай аудандық полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі:

- Іздестіру шаралары бойынша күдікті тұлға біздің аудандағы ірі супермаркеттің бірінде екені анықталды. Кәмелет жасына толмаған қыз аман-есен ата-анасына қайтарылды.

Қызымен қауышқан ата-ананың жедел қимылдаған тәртіп сақшыларына алғысы шексіз. Полицияның айтуынша, күдікті адам ұрлау дерегі бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!