Алматы облысында күйеуі мен полицияны алдаған әйел түрмеге отыруы мүмкін

17:35, 15 қаңтар 2020

Алматы облысының 39 жастағы тұрғыны көрінеу жалған ақпарат бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған факті Талғар ауданында тіркелді. 13 қаңтарда жергілікті тұрғындардың бірі полицияға үйіне екі қарақшы түсіп, өзін пышақпен қорқытып 100 мың теңгесін тартып алғаны туралы арыз түсірді. Полиция аталған фактіні ҚР Қылмыстық кодексі 191-бабы, 2-бөлігі, яғни "Қарақшылық" бойынша тіркеп, тергеуді бастады. Бірақ екі күндік жедел-іздестіру іс-шараларының барысында ізкесушілер тонау іс жүзінде болмады деген қорытындыға келді, өйткені жәбірленуші өз сөзінде шатасып, қарама-қайшы дәлел келтіріп, өзін біртүрлі ұстаған.

Тексеру кезінде оның кейбір дәлелдері расталмады. Сайып келгенде, сөзінен әбден шатасқан ол полицияны алдағанын мойындап, тонауға қатысты оқиғаны ойдан шығарғанын айтты. Сөйтсе әйел банктен несие алып, оны күйеуінен жасырғысы келген. Кейін банкке қарыз ақшасын төлеу үшін әйел ақшаны ортақ отбасылық бюджеттен алған, ақшаның қайда кеткенін күйеуіне айтудан қорыққан ол осындай нәрсені ойлап тапқан, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта қарақшылық бойынша тергеу ісі тоқтатылды. Алайда 39 жастағы әйелге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабы 2-бөлігі, яғни "Көрінеу жалған ақпарат беру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшылары бұл қылмыстық бап бойынша 4 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін айыппұл салу, сол секілді 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын айтады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!