Алматы облысында кәсіпкерлер балаларды тегін тамақтандырып келеді

15:15, 19 ақпан 2018

Көксу ауданының кәсіпкері аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Саида Саитова 2012 жылдан бері Н.Алдабергенов атындағы мектепте тұрмысы төмен 35 баланы бір реттік аспен тегін қамтамасыз етіп келеді. Бұл ісін іскер әйел қоғам алдындағы парызы ретінде санайды, деп хабарлайды Baq.kz.

«Мен алты жылдан бері білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыру жұмысымен айналысып келемін. Осы уақыттан бері жыл сайын біздің компания аз қамтылған, жетім қалған 30-35 баланы өз қамқорлығына алып, тегін тамақтандырады. Жалпы, бұл бастама басқа да мектептерде жүзеге асырылып жатыр. Бұл игі істі кәсіпкерлер қызу қолдап жатқаны өте қуантарлық», - дейді Саида Саитова.

Ол бизнеспен 2000 жылдан бастап айналысып келеді. Заңгерлік біліміне қарамастан, кәсіпті сұлулық салонын ашудан бастаған. Кейін сауда ісіне ауысып азық-түлік дүкендерін ашты. Ал біраз уақыттан бері Саида Махмұтқызы жалпы білім беретін мектептерде тамақтандыру ұйымдастыруды қолға алған. Бүгінде кәсіпкердің қоластында 10 адам жұмыс істейді. Осыншама мерзім ішінде іскер әйел әлеуметтік жауапкершілігі туралы ұмыт қалдырған емес. Өйткені, қайырымдылық пен жауапкершілікке, жаншырлыққа оны балалық шағынан бастап үйреткен.

«Біз үлкен отбасында өстік. Үйде бесеу болатынбыз және сонымен бірге алты немере аға-қарындастарымызбен бірге тәрбиелендік. Әкеміз бен анамыз бір-бірімізге қолдау көрсетіп, көмекке мұқтаж адамдарға жәрдемдесу міндет екенін айтып отыратын. Бұл жәй ғана сөздер емес еді. Олар бізге үнемі жақсылық пен жомарттықтың нағыз үлгісін көрсететін. Есейе келе өз жанұямды құрған соң, ата-анамның айтқан өсиеттерін орындауға тырысып келемін», - деді бизнесханым.

Қазіргі таңда Саида Саитованың отбасында үш баласы бар. Үлкен қызы Севара құқыққорғау органдарында қызмет етсе, 18 жасар Сұлтан - велоспорт бойынша біріншіліктер жеңімпазы, ал кіші қызы Нүрия - 7 сынып оқушысы.

«Бала ұясында не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тегіннен тегін айтылмаған. Біз жұбайыммен бірге балаларымызға махаббат, мейірімділік пен сыйластықты танытуға тәрбиелеп келеміз. Олар нағыз ұлтжанды, Отанына адал қызмет етіп, дамуына өз үлестерін қосатын азаматтар болып өссін деп тілейміз», - дейді ол.

Көксу ауданы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің басшылығында жүріп Саида ханым кәсіпкер әйелдер бірге бірқатар қайырымдылық жобаларын іске асырып келеді.

Жақында іскер әйелдер қауымы шұғыл түрде ортопедиялық аяқ киім қажет болған балаға жәрдемдесті. Көмек сұраған әйелдің айтуынша, бұл медициналық аяқ киімді мемлекеттік бағдарлама бойынша тегін алуға болатына қарамастан, үрдіс ұзақ уақыт пен көптеген құжатты талап ететін көрінеді. Сондықтан да кәсіпкерлердің тез арада көрсеткен қаржылай қолдауының арқасында науқас бала қайтадан жүре бастады. Сонымен бірге, Іскер әйелдер кеңесі Жұмыспен қамту бөлімімен серіктесе аудандағы оңалту орталығына жәрдемдесіп келеді.

«Балаларға ерекше ықылыс пен ниет таныту қажет. Біз үшін бизнестің, қоғамның өкілі ретінде оларды қамқорлыққа алуымыз аса маңызды. Әсіресе, кішкентай балалар Жаңа жылды асыға күтеді. Жаңа жыл қарсаңында олармен кездесіп, сыйлықтар сыйлап тұрамыз. Баланың күлкісі мен қуанышы біз үшін баға жетпес байлық», - дейді Саида Саитова.

Осы жылдың басында іскер әйел Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бастамашы болған «Атамекенім» республикалық акциясы барысында Балпық би ауылындағы Н.Алдабергенов атындағы мектептің оқушылары үшін «ыстық шай» ұйымдастырып, оқушылар алғысына бөленді.

«Өздеріңіз білетіндей, қаңтар айының соңында күн күрт суытып кетті. Бұл уақытта мектептерде сабақтар алынып тасталынған болатын. Алайда, мектепке ҰБТ-ға дайындалып жүрген жоғары сынып оқушылары келетін. Сол уақытта олар үшін ыстық ас-шай ұйымдастырып бердік. Балалар қуанып қалды», - дейді кәсіпкер.

Бұл Саида Саитованың жасап жүрген ізгі істерінің бір парасы ғана. Ол басқа да кәсіпкерлер сынды өзінің қайырымдылық жұмыстары жөнінде айтқанды ұнатпайды. Алайда, ол жақсылық жасауды қоғамда әдетке айналдыру керектігін айтады. Сонымен қатар, кәсіпкер Саида Саитова Көксу ауданындағы ұйғыр халқының этномәдени орталығын, ата-аналар комитетін басқарып келеді және аудандық Кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі болып табылады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!