Алматы әкімі XV Еуразиялық медиа форумның ашылуында сөз сөйледі

11:49, 23 мамыр 2018

Алматы әкімі Бауыржан Байбек XV Еуразиялық медиа форумның ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Қонақжай қазақ жеріне, мың бояулы қала – Алматыға қош келдіңіздер! Бүгін Сіздермен XV Еуразиялық медиа форумда жүздесіп отырғаныма қуаныштымын! Ең алғаш осыдан 16 жыл бұрын – 2002 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен осы Алматы қаласында Еуразиялық медиа форумның тұсауы кесілген болатын. Бүгінде Форум халықаралық медиа кеңістіктің күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау мен оңтайлы шешім ұсынуда Батыс пен Шығысты бір арнаға тоғыстырған бірегей алаңға айналды. Осынау ауқымды мерейтойлық басқосудың Алматыда өтуі біз үшін үлкен мәртебе!", - деді қала әкімі.

Форум әрдайым бір ел ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастық үшін күн тәртібінде тұрған мәселелерді танымал да айтулы журналистердің, қоғам және саяси қайраткерлердің, сарапшылардың талқылауымен ерекшеленеді.

"Елбасы айтқандай – «Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі», мың жылдық тарихы бар шаһар. Еліміздің рухани, мәдени-спорттық, қаржы-экономикалық және іскерлік орталығы. Әлемдік деңгейдегі басқосулар мен келіссіздер алаңы, Орталық Азиядағы ірі мегаполис. Елімізге келген әрбір 2-ші шетелдік турист арнайы ат басын бұратын аймақтағы туризм орталығы. Мұнда шетелдік ұйымдар мен трансұлттық компаниялардың басым көпшілігінің офистері, еліміздегі бірлескен компаниялардың 43%-і, банктердің 90%-тен астамы орналасқан. Қала экономикасында сауда-саттық, қаржы және басқа да қызметтердің үлесі 86%-ті, экономиканың алтын өзегі шағын және орта бизнестің үлесі 34%-ті құрайды. 4 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар және 1 мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралдары қызмет етеді", - деді ол.

Қазан айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Алматы декларациясының 40 жылдығына және Еуропадағы «Салауатты қалалар» желісінің 30 жылдығына орай іс-шаралар өтеді.

Осы күзде 14 мамандандырылған ұйымның қатысуымен Біріккен Ұлттар Ұйымы хабының жаңа ғимаратының ашылуы жоспарланған.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!