Алимент төлеу қоры қалай жұмыс істейді?

15:53, 17 қаңтар 2020

"Алимент төлеу үшін қор құру ақшаны тегін тарату дегенді білдірмейді", - деді алқалы жиынды қортындылаған Әділет министрі Марат Бекетаев, деп хабарлайды zakon.kz.

"Ақша тегін таратылмайды және қандай да бір қор құрылып, барлық қарыз ғажайыптан өздігінен жабылады деп ойласаңыздар, қатты қателесіздер. Мұндай қордың екі негізгі моделі бар: біріншісі - несиелік модель, екіншісі - қайырымдылық модель", - деді Бекетаев журналистердің сұрақтарына берген жауабында.

Бірінші модель, дәлірек айтсақ, несиелік модель банктің қарыз беру принципімен жұмыс істейді, яғни азамат жалақы алғанға дейін алиментті осы қордан сұрап алып, төлей тұрады.

"Мысалы, жұмыстан қысқарып қалды делік. Тек үш айдан кейін жаңа жұмысқа шықпақшы. Сол кезде ақшаны қордан қарызға ала тұрса болады. Алимент қоры Финляндиядағы секілді. Ол ешкімге тегін ақша бермейді.Ондай нәрсе атымен жоқ. "Проблема туындады ма, онда қарыз ал да алиментті жап, ал ол ақшаны жұмыс істегенде орнына қой", - дейді министр.

Тағы бір модель - қайырымдылық қоры, онда ақшаны қайтарымсыз беруге болады, бірақ ол барлығына және үнемі беріле бермейді. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда қайырымдылық моделін қолдану ұсынылып отыр.

- Ақша қатты қиын жағдайға тап болғандарға беріледі, мысалы алимент төлейтін адам айықпас дертке ұшыраса, сол секілді өмірдегі қиыншылықтарға тап келсе дегендей. Қайырымдылық моделінде жақсы беделге ие, жеткілікті тәжірибесі бар адамдардан кеңес пен комиссия құрылады, солар шешім қабылдайды (кімге төлейтінін). Комиссиядағы адамдардың алдына жағдайы қиын адамдардың құжаты өткізіледі, ақырғы шешімді олар соған қарап қабылдайды. Айталық, біреуге 100 мың теңге, ал біреуге 500 мың теңге бөледі дегендей. Бұл арада да тетіктерді ойластыру керек, яғни бәріне бірдей төлеу керек пе, әлде қажеттілігіне қарай ма дегендей. Бұл мәселелерді палата мен комиссия шешеді, - деді Бекетаев.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!