Алакөл ауданының жас полицейі Дастан Әлімжанов өзгелерге үлгі болуы тиіс

18:36, 27 мамыр 2020
212

Қоғамның тыныштығы мен құқық бұзушылықтың алдын алуды қамтамасыз етуде тәртіп сақшылары аянбай еңбек ететіні аян. Қылмысты ашу мен қандықол қылмыскерді тырп еткізбей ұстау үшін полицейлер білімді әрі білікті болумен қатар, өзімен қатар өзгені де қорғау алатын мықты болуы қажет. Өмірін қатерге тігіп, қылмыскерлерді құрықтауда жақсы нәтиже көрсеткен полицейлерді, оның ішінде білікті жастарды полиция басшылығы ерекше атап өтті, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Полицей атанып, елге қызмет ету – өте жауапты міндет. Жүктелген міндетті зор абыроймен атқарып жүрген жастар көп. Оның ішінде аудандық Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция лейтенанты Дастан Әлімжановты ерекше атап өтуге болады. Заң саласындағы білімін ІІМ жанындағы М.Есболатов атындағы Алматы академиясында шыңдаған жас маман өз ісінің шебері екенін дәлелдеуде. Жедел уәкіл жыл басынан 7 қылмысты ашып, қылмыскерлердің жымысқы әрекеттерін әшкереледі. Жас маман болашағынан үлкен үміт күттіреді", - деді Алакөл ауданы Полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Қуат Оспанов.

"Жігітке жетпіс өнер де аз" демекші, талапты полицей спортта да жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Дзюдо күресінен спорт шебері атанған Дастан Әлімжанов күрестен және қоянқолтық ұрыстан өткізілген дүбірлі додаларда өңірдің намысын қорғап жүр.

"Кез келген жағдайды жылдам әрі оңтайлы бағамдай білетін Дастан былтыр бір тұрғынның өмірін құтқарып қалды. Жедел-іздестіру шаралары барысында өмірімен қош айтысуға бел байлаған азаматты құтқарып, алғашқы медициналық жәрдем көрсеткен. Шапшаңдығы мен ептілігінің арқасында құтқарылған жігіттің жақындарының алғысына бөленді. Ісіне мығым, қоғамдық өмірде де белсенді тәртіп сақшысы өзге полицейлерге үлгі болуы тиіс", - деп толықтырды аудандық полиция бастығы Қуат Оспанов.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір