Ақышев теңгенің долларға қатысты нығаюы байқалатынын хабарлады

12:29, 12 ақпан 2019
324

ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев ҚР Үкіметінің отырысында баяндама жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бас банкирдің айтуынша, 2019 жылғы қаңтарда айлық инфляция 0,5% болды, жылдық инфляция 5,2%-ға дейін баяулады, ал күйзеліс болмаған кезде базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейі инфляцияның 4-6% жаңа дәліздің ішінде қалыптасуын қамтамасыз етеді. Жыл басынан бастап теңгенің долларына қатысты нығаюы байқалатынын хабарлады. Мәселен, 8 ақпандағы жағдай бойынша теңге бағамы жыл басынан бері 1,4%-ға нығайып, бір доллары үшін 378,73 теңгені құрады. Бұл мұнай нарығындағы жағымды конъюнктура және Ресей рублінің нығаюы аясында орын алуда. Ол Қазақстан Ұлттық Банкінің еркін өзгермелі айырбастау бағамы режимін ұстануды жалғастыратынын атап өтті. Ұлттық Банктің валюта нарығындағы нетто-интервенцияларының көлемі 2019 жылғы қаңтарда нөлге тең болды. Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтеріқаңтардың соңындаалдын ала деректер бойынша 30,6 млрд доллары, Ұлттық қордың активтері 58,2 млрд доллары болды. Жалпы халықаралық резервтер 88,8 млрд долларын құрады.

Ол сондай-ақ 2014 жылдан бастап алғаш рет күнтізбелік жылдағы ағымдағы операциялар шоты 0,9 млрд доллары профицитпен қалыптасқанын атап өтті, бұл макроэкономикалық үрдістердің жақсаруын растап, теңгенің бағамына оң әсер ететінін атап өтті.

"Жақсару сауда балансының 27,4 млрд долларына дейін 58%-ға өсуіне байланысты.Шетелдік тікелей инвестициялар бойынша капиталдың таза әкелінуі 10%-ға өсіп, 4,1 млрд доллары болды", - деп түсініктеме берді Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы.

Сонымен қатар үкіметке қаржы нарығындағы ахуал біртіндеп жақсарып келе жатқандығы да айтылды. 2018 жылы ұлттық валютамен депозиттердің 4,5%-ға өсуіне байланысты депозиттер 6%-ға 18,6 трлн теңгеге дейін өсті. Доллар баламасындағы шетел валютасымен депозиттер 7%-ға төмендеген.

"Өткен жылы жаңа кредиттер беру 24%-ға немесе 2,6 трлн теңгеге өсті. Қайта құрылымдаудан өткен және лицензиядан айырылған банктердің кредит портфелін қоспағанда, экономиканы кредиттеудің жылдық өсуі 7%-ға немесе 884 млрд теңгеге бағаланады. Кәсіпорындарға теңгемен кредиттер бойынша ставка жыл басында 13,2%-дан желтоқсанда 11,7%-ға дейін төмендеді", - деп атап өтті Д. Ақышев.

Ол сондай-ақ экономиканың басым секторлары үшін 600 млрд теңге сомаға ұзақ мерзімді ресурстар беру міндеті шеңберінде Ұлттық Банктің Үкіметпен және банктермен бірлесіп жобаларды қаржыландыру тетіктерін әзірлегенін айтып берді. Д. Ақышев айтқандай, бұл бағыт биыл кредит берудің қосымша өсуін қамтамасыз етеді.

"7-20-25" бағдарламасы 8 банк арқылы жүзеге асырылады. "7 ақпандағы жағдай бойынша банктер 61млрд теңге сомаға 5 181 өтінімді мақұлдады.Ұлттық Банк белсенді түсіндіру жұмысын жүргізуде. Бағдарламаны іске асыру барысы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жария етіледі. Сall-орталық тәулік бойы жұмыс істейді", - деп толықтырды Д. Ақышев.

Ұлттық Банк Төрағасы қаржы нарығындағы ахуал біртіндеп жақсаруда екендігін атап өтті. "Жыл қорытындысы бойынша банктердің активтері 25,2 трлн теңгеге дейін 4,5%-ға ұлғайды.90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттер несие портфелінің 7,4%-ын құрады. Сақтандыру ұйымдарының активтері 1 трлн теңгеге дейін 13%-ға өсті. Бұл ретте сақтандыру резервтері 13%-ға ұлғайып, 520 млрд теңге болды", - деді ол.

Д. Ақышев сондай-ақ өткен жылы төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған қолма-қол емес операциялардың көлемі 6,4 трлн теңгеге дейін 2 есе өскендігіне назар аударды.Халықтың Интернет және мобильді банкинг арқылы транзакциялары үш есе өсті. Күн сайын бұл арналар арқылы 8,6 млрд теңге сомаға 500 мың операция жүргізіледі.

"Қолма-қол емес төлемдерді пайдалануды кеңейту үшін Ұлттық Банк 7 ақпанда "Suńqar" мобильді телефон нөмірі бойынша мезеттік төлемдер жүйесін іске қосты", - деді сөзін қорытындылай келе Д. Ақышев және бүгінгі күні 3 банк қызмет көрсететінін, сондай-ақ басқа екінші деңгейдегі банктердің кезең-кезеңімен қосылуы күтілетінін атап өтті.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!