Ақпараттық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет

19:08, 23 маусым 2017

Бүгін Астанада халықаралық деңгейдегі тағы бір ауқымды шара басталды. Ол – XIV Еуразиялық медиа форум.

Әлемнің 60-тан астам елінен келген қатысушылар жалған мәлімет таратуды тыю, жалпы ақпараттық кеңістіктегі қауіпсіздікті күшейту мәселесін қарап жатыр. Әрине, әлемдік экономика мен геосаяси ахуал да назардан тыс қалған жоқ. 

Жұрағат Баман, тілші:

-Танымал журналистер, салмақты саясаткерлер, қоғамдық пікір көшбасшылары мен медиа сарапшылардың басын қосатын 14-ші Еуразиялық медиа форум өз жұмысын бастады. Мәртебелі мінберге айналған алқалы жиынға әлемнің 60 елінен 600 делегат келді. 

Қазақстан халықаралық деңгейдегі ашық пікірталас алаңына айналды. Өйткені еліміздің бейбітшіл әрі адамзаттық бастамаларының бәрі де жаһанданған әлем үшін аса өзекті проблемалар саналады. Форум жұмысы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысушыларға арнаған жолдауынан басталды. Хатты мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова оқып берді.  

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

-Еуразиялық медиа форум он бес жылдық қызметі барысында журналистер қоғамдастығының өзекті мәселелері ғана емес, кең ауқымды жаһандық проблемалар да талқыланатын басқосуға айналып, лайықты беделге ие болды. Әлемде қайғылы оқиғалар жиілеп, шиеленіс пен дағдарыс белең алып жатқанда осындай диалог алаңдарының құрылуы заңдылық.

Халықаралық форумның бастамашысы болған әрі жобаның авторы Дариға Назарбаева оның негізгі мақсатын, шығыс пен батыс көшбасшылары арасындағы өзара түсіністік пен диалогты нығайту арқылы аймақтық және ғаламдық мәселелерді ортақ түсінуге үлес қосу жөнінде ой қозғады. Әсіресе ақпараттық кеңістіктегі қауіпсіздікке назар аударды. Бүгінде теле-радио, баспа арқылы таратылатын мәліметтердің шынайылығын қамтамасыз етіп, фактілерді бұрмалауға жол бермеу жөнінде өз ойымен бөлісті.  

Дариға Назарбаева, Еуразия медиа форумының ұйымдастыру комитеті төрайымы:

-Кез келген ақпарат тексерілген, ашық әрі айқын болуы тиіс. Саяси ықпалдастық, достық қарым-қатынастардың бәрі тек шынайы, расталған ақпараттық жүйе негізінде қалыптасады. Меніңше, тілшілер қауымы қызметтік этикаға баса назар аударып, медицина мамандары Гиппократқа ант берген сияқты өзіндік ант беруі тиіс.

Ғаламдық жаһандану кезеңінде ақпарат кеңістігіндегі қауіпсіздікке зор назар аудару қажет. Әлеуметтік желілер сонымен қатар телевизия саласының дамығаны континенттерді біріктіріп, түрлі ұлттардың жақындасуына септігін тигізгені анық. Десе де, технологиялық шарықтаудың өзге де бұлыңғыр тұсы бар. Ғаламтордың ықпалынан ұлтшылдық ұғымдары туып, шиеленіске апаратын жағдайлар туындауда.

Гилад Шер, Израиль Премьер-Министрі әкімшілігінің бұрынғы басшысы:

-Бүгінде демократияны жамылып, бостандықты бұзу, соғыс ашу фактілері жиілеп кетті. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы материалдардың дені тапсырыс арқылы жасалуда. Бұрмаланған ақпарат әлеуметтік желілерде де кеңінен жайылған. Салдарынан әлемдегі текетірес, жанжалдардың алдын алу мүмкін емес болып отыр. Сондықтан ақпарат кеңістігінің идеологиялық ахуалын қадағалап, дұрыстау қажет. 

Мәселен, Таяу шығыстағы теріс пиғылдылардың теріс идеологиясы жаһанды жалмап кетті. Террорлық әрекеттерге үгіттеу салдарынан Араб елдері арасындағы қарым-қатынас теңселе бастады. Сирия мен Ирак мәселесін былай қойғанда, Катар мен саудтықтардың дипломатиялық келісімдерінің бұзылуы алаңдатуда. Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Баррозу мәселенің шешімін батыстан іздеп қажеті жоқ дейді.

Жозе Мануэль Баррозу, Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы:

-Араб мәселесін арабтардың өзі шешу керек. Не АҚШ, не Еуропа бұл мәселені шеше алмайды. Арабтар тарихқа үңіліп, өз қарым-қатынастарын түзей алуы тиіс. Тым болмағанда, сенімнің минимумына қол жеткізу қажет. 

Ақпараттық технологиялардың дамығаны сонша, бүгінде әлеумет мемлекеттің бірінші тұлғаларының күнделікті айтқаны мен нақты ісін бақылап, жіті назарда ұстап отырады. Мәселен, Түркияның бұрынғы президенті Абдулла Гүлдің де Twitter желісінде 8,5 миллион оқырманы бар. 

Абдулла Гүл, Түркияның 11-ші президенті:

-Әлеуметтік желілер пайда болғалы лидерлердің көшбасшылық рөлі өзгерді. Тек айтылған емес, нақты ісің желі парақшаларында жарық көреді. Әлеуметтің әлеуеті, тұрмыс тіршілігі, мазалаған сұрақтарының бәрі еш бұрмалаусыз, ашық жарияланады. Ақпараттық технологиялар билік пен халық арасындағы көпірге айналды.

Кибер кеңістікті қадағалаумен қатар, заманмен қадам басып, жасыл технологияларды дамыту қажет. Форумның екінші сессиясында жаһан жұртын жаңартылған энергия көздеріне көшіру мәселесі сөз болды. Мәселен, бүгінде Қытай – күн панельдерін шығару бойынша әлемде бірінші мемлекет. Германия энергетикасының 30 пайызы баламалы қуат көздерінен алынады. Швеция болса, 2020 жылға қарай толықтай жаңартылған энергетикаға көшпек. 

Раджендра Пачаури, Нобель сыйлығының лауреаты /Үндістан/:

-Мәселен, мұнай өндірісі төмендегенде, баламалы энергия көздері саласы дамиды. Электр қуаты арзандап, атмосфераға бөлінетін улы газдар төмендеп, ғаламдық күн жылынуы секілді проблема шешіле бастайды. Біздің мақсат – шикізаттан бас тартып, таза экологиялық өнімге көшу. Әлем шары – бәріне ортақ үй. Сондықтан жаһан елдері жеке-жеке емес, осы бағытта бірге даму керек.

Дерек келтірсек, бүгінде әлемде мұнай 38 пайызға қолданылады. Атом энергетикасы 7, ал күн, жел және су энергетикасы секілді жаңартылған қуат көздерін жаһанның 3,2 пайызы ғана пайдаланады екен. Жалпы әлем елдерінің жаңартылған энергия көздеріне көшірудің бірден-бір себебі жаһандық климаттың жылыну үрдісі екені белгілі. Париж келісімі бойынша, биыл температураны 2 градусқа дейін төмендету туралы келісім де бар. «Баламалы қуаттың тағы бір пайдасы болашақта әлемде осы энергетиканы өндіретін кәсіпорындар пайда болып, 60 миллион жұмыс орындары ашылады», – дейді мамандар. 

Авторлары: Жұрағат Баман, Дәурен Журхабаев

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!