Ақмола облысының ІІД-де қылмыстық топ құрықталды

10:55, 16 наурыз 2018

Ақмола облыстық ішкі істер департаменті шенділерінің қылмыстық әрекеті әшкере болды. Олар «Қазақ алтын» тау-кен орнынан құрамында алтыны бар кен өнімдерін заңсыз шығарғандардың ісін бүркемелеп келген. Бұл туралы Астана телеарнасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство Ұлттық қауіпсіздік қызметімен бірлесіп олардың жолын кескен. Тінту кезінде 23 миллионнан астам қаржы, қару-жарақ, жарылғыш заттар мен алтын өнімдер тәркіленген.

Ал қылмыстық топ құрамында Степногорск қаласы ІІБ басшысының орынбасары, Ақсу кентінің полиция бөлімінің басшысы, Бестөбе кенті полиция бөлімінің басшысы мен екі жедел уәкіл болған.

Тіпті араларында дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушылар болған деген ақпарат бар.

Агенттіктің хабарлауынша, полицейлер заңсыз алтын қазушылардан жүйелі түрде пара алып отырған. Сол үшін олардың шахтаға түсіп, кен қазып, оны сатуына рұқсат беріп келген. Күдіктілер тергеу изоляторына қамалды, тергеу амалдары жүріп жатыр.

Дәуренбек Бақдәулет


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!