Ақмола облысында тарихи-мәдени нысандар қалпына келтіріледі

23:05, 19 қазан 2017
632

Ақмолалық меценаттар аймақта «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға 5 миллиард теңгедей қаржы жұмсамақшы.

Бұл қаржыға өңірдегі бірқатар тарихи-мәдени және әлеуметтік нысан қалпына келтіріледі. 

Жалпы 2022 жылға дейін облыста 107 жоба іске асырылмақ. Көкшетаудағы басқосуда алға қойылған мақсаттарға жету жолдары талқыланды. Сондай-ақ оқушылар мен жастарға дұрыс тәрбие беру мәселесі де айтылды. 

Қазіргі таңда Ақмола облысында «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» сынды аймақтық бағдарламалар қолға алынған. Олар ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, туризмді дамытуға және жастарды дұрыс бағытта тәрбиелеуге бағытталған. 

Мерген Тоқсанбай, М.Жұмабаев атындағы облыстық кітапхана директорының орынбасары:

– Ақан, Біржандардың ізбасарлары жас айтыскер ақындарды тәрбиелеп, жыл сайын облыс көлемінде бұрын болмаған оқушылар айтысын ұйымдастырып жатырмыз жер-жерлерде, аудандарда, облыс орталығында. Халық шығармашылығы орталығының жанына «Талант» жас ақындар клубын ашып, ол жердің өзінде 30 шақты мектеп оқушысынан бастап, студенттерге дейін балалар жүр.

Ақмола өңірінен «Қазақстанның 100 киелі орны» республикалық тізіміне 11 нысанды қамтитын 8 жоба енді. Ал жалпы аймақтағы тарихи-мәдени нысандарды қайта қалпына келтіруге 5 миллиард теңге жұмсалмақшы.  

Архат Айбабин, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы: 

– Олардың ішінде Абылайхан алаңы, Ерейментау ауданында Құмай археологиялық кешені, Қорғалжын ауданында көптеген объектілер жүзеге асырылуда. Сонымен қатар білім, мәдениет саласында да көптеген іс-шаралар қарастырылуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына Ақмола облысы үлкен үлес қосатынына сенімдіміз.

Семинар барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген мәселелерді жер-жерлерде іске асыратындарға ақыл-кеңестер берілді. Аймақта 18 адамнан тұратын сарапшылар кеңесі құрылып, ақмолалықтар алға қойған мақсаттарды іске асыруға білек сыбана кірісіп отыр. 

Авторлары: Нұржан Мергенбай, Мадина Смағұлова, Евгений Шинкаренко

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!