Ақмола облысында қауіпті аймақтар әуеден бақыланды

19:46, 27 наурыз 2017
552

Аймақтың жаңа әкімі мен Төтенше жағдайлар комитетінің басшылығы өңірдегі 6 ауданның табиғи апатқа деген әзірліктерін байқады. Биыл өңірдегі тасқынның алдын алу мен оның салдарын жоюға 900 млн теңге бөлінген. Ал аймақта 119 елдімекенді су басуы мүмкін деген қауіп бар.

Әуеден бақылау барысында алдымен Шағалалы су қоймасының деңгейі бағамдалды. Аталған тоған Зеренді ауданының аумағында орналасқан әрі Көкшетауға да өте жақын. Бүгінде мұндағы жағдай бірқалыпты. «Су қоймасының ағын суды қабылдауға мүмкіндігі молынан жетеді», – дейді мамандар.

Ал аймақтағы қауіпті деген Есіл, Жабай, Нұра, Колутон өзендеріндегі мұз сәуір айының басында ери бастайды деген болжам бар. Бүгінде оларда мұз жару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Дегенмен халықта қорқыныш бар. Әсіресе апаттың зардабын бірнеше рет тартқан атбасарлықтар қазір үрейленіп отыр. Мәселен, үйі Жабай өзеніне өте жақын орналасқан Тамара Кулева: «Апат биыл Атбасарды айналып өтсе екен», – деп тілейді. 

Тамара Кулева, Атбасар қаласының тұрғыны:

-Бізде су тасқыны 2007 және 2014 жылдары болды. Ол кездері менің үйіме су кірген болатын. Сондықтан биыл да қорқып отырған жайымыз бар. Барлық жерлестеріме биылғы көктемнен аман-есен өтулерін тілеймін.

Мәлік Мырзалин, Ақмола облысының әкімі:

-Бізде барлық ауданда жедел топтар құрылған. Жергілікті жерлерде апаттың алдын алу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мәселен, бір ғана Атбасардың өзінде ұзындығы 9 шақырым, ал биіктігі 7,5 метр дамба салынды. Күш құрылымдары да қазір сақадай сай дайын тұр. 

Қардың деңгейі биыл әсіресе Аршалы, Астрахан және Целиноград аудандарында жылдағыдан 1,5 есеге көп. Ал Атбасардағы жағдайды мамандар: «Осы жылы аса қауіпті емес», – деп бағалап отыр. 

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

-Атбасардағы апаттар бойынша біздің тәжірибеміз бар. Биыл мұндағы қар 2014 жылғыдан көп емес. Сол себепті алаңдауға негіз жоқ. Бірақ барлығы ауа райына байланысты.  

Ал ауа райын болжаушылар биыл аймақта күн біртіндеп жылынатынын айтады. Дегенмен сәуір айының орта шеніне қарай барлық қар мен мұз толық еріп, өзен-көлдердің арнасы толуы әбден мүмкін.

Авторлары: Д. Берікұлы, А.Полянный

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!