Аймағамбетов студенттердің стипендиясы қалай көтерілетінін түсіндірді

08:38, 11 желтоқсан 2019
285

Студенттердің стипендиясы бюджеттен бөлінетін қосымша қаражат есебінен көтеріледі, деді брифингте Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, деп хабарлайды zakon.kz тілшісі.

- Республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді. Есеп-қисаптары бар, - деді Аймағамбетов.

Оның сөзінше, бакалавриат, магистратура, докторантурада оқитын студенттердің стипендиясы 25%-ға көтеріледі.

- Бұған ешқандай кедергі жоқ. Президенттің бұл тапсырмасы уақытымен орындалады. Тек ЖОО студенттері үшін ғана жылына шамамен 13 млрд теңге. Бұған колледждерде оқитын студенттерді қоссақ, бұл тағы шамамен 5-6 млрд теңге. Бұл өте үлкен сома, бірақ мен мұны маңызды шешім деп санаймын, - деп қосты министр.

Министр студентердің стипендиясы 2016 жылдан бері көтерілмегенін, бұл жаңалықты студенттер көптен күтіп келгенін айта кетті.

- Бұл жерде стипендияның бәріне бірдей 25%-ға көтерілетінін айту керек. Өйткені бізде оқу үлгеріміне, мүгедектігі немесе асыраушыдан айырылғанына байланысты жоғары стипендия алатын тұлғалар да бар. Түрлі санаттар бар, бұл жерде барлық санаттар үшін стипендия 25%-ға көтеріледі, - деп түсіндірді БҒМ басшысы.

  • Жастар жылының жабылуында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап студенттердің стипендиясын 25%-ға көтеруді тапсырған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!