Айдос Сарым: Қазақтар жерді мола арқылы аман алып қалған

12:50, 31 қазан 2018
589

Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы Айдос Сарым Caravan.kz медиа порталына эксклюзивті сұхбат берді.

Қоғам қайраткері ұлт араздығы туралы, жастардың модаға деген көзқарасына және сіз естімеген қызықты жайттар туралы айтып берді.

Ұлт араздығы туралы

Бүгінде ең ашуым келетіні Кеңес Одағын көрмеген 24, 25 жастағы балалар сол Кеңес Одағын аңсап жатады. Мен советтің ішінен шыққан адаммын, кеңестер кезінде ештеңе керемет болған жоқ. Өз елін нанмен, қантпен, киіммен қаматамасыз етпеген елді жақсы ел деп айту қиын. Қалғанының бәрі өтірік, сосын екіжүзділік. Қазақстанға өтірік айту, жемқорлық тәуелсіздіктен келді деп ойлайды, өтірік бәрі. Біздегі жемқорлық совет жемқорлығының жалғасы. Партияны, комсомолды көрген азаматтар екіжүзді азаматтар болып келеді. Өйткені өздері айтқан идеяға өздері сенбейтін. 9-дан 6-ға дейін бір әңгіме айтады “Коммунистік идеал басқа” – дейді да, одан кейін басқа әңгіме айтып кетеді.

Ұлт араздығы деген туды, 86-ны көзімізбен көрдік. Туған әпкем мен ағам қатысты. Түнделетіп қан, қан болып келді. Емханада туыстарымыз болатын, өтірік анықтама жасатып алып қалғанбыз.

Мен 1982 жылдары бірінші, екінші сынып оқып жүрген қазақпын. Шешем жұмыстан алып келе жатқанда сабақты сұрап, екеуміз қазақша сөйлесіп келе жатамыз. Сол кезде автобустағы бүкіл адам бізге өре тұра кетіп: “Вы калбиты, на своем калбитском языке не разговариваете”- деп қуып жіберетін. Осы Алматыда, біздің көзімізде болған нәрсе. Қазір біздің кейбір орыс азаматтарына айтсаң сенбейді, өздері істесе де сенбейді. Өйткені адамның ойлау жүйесі, еске алу жүйесі қызық дүние. Жаман болған нәрсені тез ұмытуға тырысады. Ұлтқа деген жанашырлық осы әділетсіздіктен туған шығар деп ойлаймын. 86 жылы өз-өзіме серт бергенім бар. Енді өзіме калбит, басқа деген сөздерді айтқызбаймын, айтса тұмсықтан бір беремін деп өзіме уәде бергенмін. Сол сертімде тұрып келе жатырмын.

Азаматтық қоғам деген не?

Менің түсінігімде азаматтық қоғам дегеннен аса бір күрделі формула іздеудің қажеті жоқ. Азаматтық қоғам дегеніміз ең алдымен өзі үшін, өз тағдыры үшін жауап бере алатын азаматтардың жиынтығы. Мен оны солай түсінемін. Кейбір қазақтармен айтысып қаламын. Головкинді қазақ дейді де, қазақ дәстүрін меңгерген, қазақтың заңын мойындайтын және салығын төлеп отырған қазақты қазақ деп мойындауға дайын емес. Біз қан тақырыбын кейде азаматтықпен шатастырып аламыз. Азаматтықтың басты белгісі немқұрайлы болмау. Сайлауға қатысу, армияға бару, салық төлеу, үлкен саяси науқандарға қатысу. Мысалы үшін сіз тұрып жатқан тұрғын үйдің есік алды бытшыт болып жатады. Әрине Байбекті боқтауға болады, басқаны боқтауға болады “қайда қарап отыр”, деп. Өзіңіздің де қолыңыздан бірдеңе келеді ғой. “Сыпыртқы бар, күрек бар өзіміз тазалай салайық” – деп көршілеріңізге айтсаңыз, көп болмаса да бірнеше көршіңіз шығады. Сол шыққан адамдар азаматтық қоғам. Өз өмірімді сәл болсын өзгерткенім ол менің азаматтық дәрежеме жеткенім.

Қазіргі жастардың модасына көзқарасы

Қыздараға ұнау үшін заманауи болуыңа тура келеді. Ал енді үйленгеннен кейін, өзіңе ыңғайлы киім іздей бастайсың, шенеунік болсаң галстук тағуға тура келеді. Өзім қанша жыл шенеунік болдым, галстукты әлі күнге дейін жек көремін. Үш жылда галстукты бір тағамын, оның өзінде қылғынып қаламын галстуктан. Мода деп нашақор болып жатсаң, тоғызыншы қабаттан секіру мода десең онда сенің ақымақ болғаның. Бірақ әдемі нәрселер бар ғой. Велосипед, спорт деген қазір мода, арақ ішу қазір мода емес. Мені еліктету өте қиын, өйткені өзімнің қатып қалған қағидаларым немесе өзгерте алмайтын дүниелерім бар. Бірақ әр адам өз ішіндегі үрейді жеңе білу керек. Мен мысалы 40 жасыма дейін суға жүзе алмайтынмын. Бірақ жақында үйрендім. Биіктен қорқатынмын, оған да тәуекел етіп парашюттан секірдім. Ішіңдегі үрейді жеңе білу ең жақсы мода деп ойлаймын.

Халықпен жұмыс істеу керек дегенді түсінбеймін

Халықпен жұмыс істеу керек дегенді түсінбеймін. Халық деген нақты адамдардан, нақты аудиториялардан тұрады. Еліміздің экономикасына қарасақ, біздің бір керемет мүмкіндіктеріміз жоқ. Қазір бізді әлемге танытып отырған ол шикізатымыз. Шынын айту керек, біздің ондағы үлесіміз некен саяқ. Біз шикізатты ойлап тапқан жоқпыз, оны қолдан жасап жатқан жоқпыз, Алла тағаланың берген ризығы мен ата-бабамыздан қалған жердің астындағы байлық.

Әр адам қисынмен жүру керек сияқты. Адам не істейді күнделікті тұрған кезде? Жоқ дегенде тамақ ішеді. Өзімізге қажет дейтін болсақ бұл ауыл шаруашылығы, тағам өндіру, соны дұрыс жасау. Егерде дұрыс істейтін болсақ. Бірақ екінші жағы бар. Бәріміздің ауылға қатысымыз бар, ауылдың әңгімесін жақсы білеміз “андай ақша бөлінді, мындай ақша бөлінді ол неге ауылға жеткен жоқ” - деген әңгімені айтамыз. Бірақ біз мына нәрсені ескеруіміз керек сияқты. Біздің елдің ең көлеңкелі, ең сұр экономикасының мысалы екеуін айтсақ біреуі ауыл шаруашылығы, екіншісі құрылыс. Өзіңіз білесіз, біздің үш бөлмелі үйге Түркиядан немесе Испаниядан ішінде бассейіні бар, әп-әдемі жақсы коттедж алуға болады. Бұл неліктен? Яғни жемқорлық пен көлеңкелі экономика. Өзіміз жақсы білетін “оңай” - деген карточкасы шықты ғой. Мысалы “оңай” жоқ кезде бүкіл Алматыдағы автопарктер 800 миллиондай ғана ақша түсіретін, қазір 16 миллиардқа дейін жетті. Яғни біздің қаладағы 3 жыл бұрынғы автобус қатынау бизнесі 16 миллиард теңге тауып келген, бірақ оның 800 миллионы ғана бюджетке төлеген деген сөз. Қалғандарын қалтаға салып отырған.

Жерді мола арқылы аман алып қалғанбыз

Орыстар мен қытайлар саудаласып жатқан кезде қазақтар барып алған да, отырып алған. Батыста Мақаш әкім деген кісілер болған. Орыстың үкіметі әдейілеп қалмаққа жер берген ғой жайық пен еділдің арасына. Соның жерінің алдын шалдардың моласы арқылы жаулап алған біздің қазақтар. Үлкен кісілер өледі ғой 80,90 жастағы. Жаз болсын, қыс болсын қалмақтың жеріне төмендеп апарады екен де, сонда жерлеп басын ескі тастардан әкеліп, қарайтып қояды екен. Келесі көктемде бүкіл ауылдың жігіттері ана жерге жиналып, қоршап алып, ауыл қылып отырып алады екен. Осы ұлан жердің аман қалуына моланың да үлесі бар.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!