Адвокат сияқты. БҚО әкімі істі болған қоластындағыларға қатысты түсінік берді

23:53, 2 желтоқсан 2021
99

© Сурет: Zakon.kz

Ол жерде де соттың шешімін күтіп отырмыз - Ғали Есқалиев .

2 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысының әкімі елордаға келіп, есеп берді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайынан бөлек шенді істі болған қоластындағылардың жайына да тоқталуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бүгінге дейін облыс басшысына орынбасардың оңғаны кездеспеді. Біреуі – қарамағындағы адамы пара алып, сотталғаны үшін қызметінен кетсе, өзгесі Президенттің сынынан соң орнын босатқан. Ең қызығы, лауазымды креслоның екеуі де әлі күнге бос тұр. Одан бөлек басы бәлеге шатылған мемлекеттік қызметкерлер бұл өңірде баршылық. Журналистер қауымы облыс басшысын осы мәселелерге назар аудартып, жауап беруін сұрады, делінеді «Еуразия» бірінші арнасының жаңалықтарында.

Ол тек осы тамыз айында ғана сотталды. Яғни, қыркүйек айында ғана соттың шешімі күшіне енді. Сондықтан осы орын бос тұр, біз жылдың аяғына дейін басқа басшыны тағайындаймыз. Жылдың аяғына дейін. БҚО әкімі Ғали Есқалиев

Облыс әкімінің тағы бір орынбасары бар. Аманжол Алпысбаев деген. Ол да қазір Жоғарғы соттың табалдырығын тоздырып жүр. Себебі, Мемлекеттік қызмет істері департаменті шенеуніктің негізгі қызметінен бөлек, кәсіпкерлікпен айналысқанын анықтапты. Ал бұл заңға томпақ.

Ол кісі қазір Жоғарғы сотқа шағымданды. Өз құқығын қорғау үшін. Бұл - бір. Екіншіден, біз соттың шешімін қазір күтіп отырмыз. 10-15 жыл бұрын компания ашқан. Сол жерде директор болған, бірақ, бір де бір күн жұмыс істеген жоқ ол компанияда. БҚО әкімі Ғали Есқалиев

Тағы бір түйткілді мәселе – жолдың жайы. 2018 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Орал қаласына жұмыс сапарымен барып, облыс орталығынан шалғайда жатқан Жәнібек, Бөкейорда аудандарының күре жолын 2021 жылдың соңына дейін жөндеуге пәрмен берген болатын. Ғали Есқалиев облыстың басына 2019 жылы келгенімен, Елбасының тапсырмасы сол күйі сиырқұйымшақтанып кетті.

Биыл пандемия кезінде қаражат болмай қалып, көп жолдар салынған жоқ. Қаражат бөлінді, бірақ, ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмыстар кеш басталды. Дегенмен, жолдың 58 шақырым бірінші төсемесі салынды. Өздеріңіз білесіздер, құрылыс материалдары қымбаттады. Сосын жобаның кейбір кемшіліктері анықталды. БҚО әкімі Ғали Есқалиев

Әкімдіктің айналасындағы былық мұнымен бітпейді. Облыстық спорт басқармасының басшысы бұрын сотталған адамды жұмысқа алғаны туралы ақпараттың тарағаны есімізде. Істі болған маман қызметтен шеттетілгенімен, басқарма басшысы былқ етпей, орнында әлі отыр.

Ол жерде де соттың шешімін күтіп отырмыз. Ол да өз құқықтарын қорғау үшін қазір сотқа жүгінді. Ол жерде меніңше, таза заңмен нормативтік актілердің қарама-қайшылығы бар. БҚО әкімі Ғали Есқалиев

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір