15 жасар қазақстандық зорланғанын және сол қаскөйге тұрмысқа шыққанын жазып, көмек сұрады

14:57, 27 қыркүйек 2024

© Фото: pexels

Атыраулық жасөспірім оны зорлаған 20 жастағы жігітке шарасыздан тұрмысқа шыққанын айтып, әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен пана іздеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақ Жайық қыздың сөзіне сүйене отырып, некеде жүктілікке қарамастан, оған қатысты зорлық-зомбылықтың жалғасқанын жазды.

15 жасар қыз әлеуметтік желіде жазба жариялап, онда ол зорлық көріп, артынша жүкті болғанын айтқан. Мұны білгеннен кейін оның отбасы полицияға арыз берген, алайда жігіттің туыстары олардың үйіне келіп, қызға некеге тұруды ұсынып, оны толығымен қамтамасыз етуге және білім беруге уәде берді.

"Мен жүктіліктің төртінші айындамын. Емханаға әрең жазылдым, өйткені учаскелік дәрігер менің кәмелетке толмағанымды біліп, полиция шақырғысы келді. Сол кезде қайын енем жүгіріп келіп, мәселені шешті. Ұлын құтқарды. Маған қол көтеріп, ұлын да итеріп жіберді. Айтпаған сөздері жоқ. Мен барлық міндеттерімді орындадым, сонда да мені үйден қуып жіберді. Анам бұл жағдай туралы білгенде, ауруханаға түсіп қалды", – деді қыз.

Оның айтуынша, ол көп балалы отбасынан шыққан және адвокат жалдауға шамалары жоқ. Үміттері тек полицияда, олар істі қолға алып, мұқият тергеу жүргізеді деп сенеді.

Осы оқиғаға байланысты Атырау полиция департаменті тергеу жүргізілетінін мәлімдеді.

"Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеудің бастапқы кезеңінде зардап шеккен тарап қажетті сот-медициналық және психиатриялық сараптамалардан өтуден бас тартты, бұл қылмыстың құрамын толық тергеу мақсатында кешенді тергеу әрекеттерін жүргізуге кедергі келтірді. Әлеуметтік желілерде таратылған деректер тексеріліп, тергеу қайта басталатынын хабарлаймыз", — деп хабарлады Атырау облысының полиция департаменті.

Бұған дейін 15 жасар оқушыдан ақша бопсалауға қатысы бар кәмелетке толмаған қыздардың ісі сотта қаралатындығы хабарланды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!