7 айдың қорытындысы бойынша ҚР экономикасының базалық салаларында оң динамика сақталуда

10:50, 11 тамыз 2020
92

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы қаңтар-шілдедегі әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды, деп хабарлайды zakon.kz.

"Экономиканың, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев, қаржы министрі Е. Жамаубаев, өнеркәсіп пен энергетика секторындағы ахуал туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов және энергетика министрі Н. Ноғаев, агроөнеркәсіп кешені туралы ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, өңірлердің дамуы туралы Алматы облысының әкімі А. Баталов, Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев, Маңғыстау облысының әкімі С. Трұмов, Атырау облысының әкімі М. Досмұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин баяндама жасады", делінген Үкіметтің ресми сайтында.

Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша экономиканың базалық салаларында оң өсім серпіні сақталуда. Өңдеу өнеркәсібінде 3,8%-ға, оның ішінде машина жасауда 13,9%-ға, азық-түлік өнімдерін өндіруде 4,1%-ға, фармацевтикада 23,2%-ға, жеңіл өнеркәсіпте 7,3%-ға, қағаз өндірісінде 15,7%-ға, химия өнеркәсібінде 3,6%-ға және дайын металл бұйымдарын өндіруде 18,6%-ға өсім қамтамасыз етілді. Құрылыс көлемі 6,3%-ға, тұрғын үй салу 7,5%-ға немесе шамамен 7 млн шаршы метрге артты. Ауыл шаруашылығында тұрақты өсім 2,5%-ға қамтамасыз етілді.

ОПЕК+ қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау қажеттілігі жағдайында мұнай өндірудің төмендеуі (-1,4%) байқалады, бұл тау-кен өнеркәсібінің жалпы көрсеткіштеріне тікелей әсер етті (0,4%-ға төмендеу). Тау-кен секторының басқа да маңызды бағыттары бойынша оң динамика сақталып отыр: көмір өндіру 2,6%-ға, металл кендерін өндіру 2,3%-ға, табиғи газды өндіру 0,9%-ға өсті.

Карантин кезінде қызмет көрсету секторында көрсеткіштердің төмендеуі байқалады (-6,2%). Бұл әсіресе сауда (-11,9%), көлік (-15,6%), әкімшілік қызмет көрсету (-5,3%) салаларына және жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға (-4,3%) қатысты.

Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары әлеуметтік-экономикалық дамудың 7 негізгі көрсеткішінің 5-уі бойынша өсім көрсетті. Қарағанды, Түркістан, Павлодар, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласында 4 көрсеткіш бойынша оң динамикаға қол жеткізілді. Тек 3 көрсеткіш бойынша өсім Атырау, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген.

"Өңірлер белсендірек жұмыс істеп, экономикалық өсімді қалпына келтіру жолында қабылданған барлық шараларды, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясындағы шараларды тиімді іске асыруы қажет. Отандық өндірісті қолдауды, инвестиция тартуды, экспортты ілгерілетуді, халықтың жұмыспен қамтылуын сақтауды және тұрақты жұмыс орындарын құруды барынша қамтамасыз ету қажет", — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы өңірлік дағдарысқа қарсы штабтардың жұмысын жандандыруды, кәсіпкерлер көтерген мәселелерді шұғыл қарауды және тиісті шешімдерді қабылдауды тапсырды.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір