Күн сайын 20 минутыңызды қисаңыз...

09:00, 14 қаңтар 2017

Уақыт – таптырмас байлық. Кейде қадірін біліп, кейде босқа өткізіп жататын кезіміз де жоқ емес. Адамдар уақытын үнемдеу үшін түрлі тәсілдерді пайдаланады. Соның бір жолы – жоспар құру. Бір күніңізге 20 минуттық жоспар дайындасаңыз, соның өзі өміріңізді өзгертуге аз болса да септігін тигізеді. Ал сол 20 минуттық жоспарға нені мақсат тұтсаңыз болады? Ендеше айта отырайық.

Күніге 20 минутыңызды спортпен шұғылдануға қисаңыз, сіздің денсаулығыңыз жиі сыр бермейді. Спорт – денсаулық кепілі. Спортпен шұғылдану – денсаулыққа зор пайдасын тигізіп қана қоймай, күйзелістен де құтқарады.

Күніге 20 минутыңызды үйіңізді тазалауға арнасаңыз, қонақтар келгенде қымсынбай күтіп алуға дайын боласыз. Сондай-ақ, тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі екенін ұмытпағайсыз.

Күніге 20 минутыңызды зейініңізді дамытуға арнасаңыз, шығармашылық тоқырауды есіңізге де алмайсыз. Зейін - сананың белгілі бір нәрсеге бағытталып, оның айқын бейнелеуін қамтамасыз етеді. Есте сақтау қабілетіңіз де жақсарады.

Күніге 20 минутыңызды жарыңыздың ақыл-кеңесіне құлақ түруге бөлсеңіз, өзара қарым-қатынаста қайшылық орнамайды. Сөзбен ұғынысу – көзбен ұғынысудың алғашқы баспалдағы.

Күніге 20 минутыңызды ішкі әлеміңмен сырласу мен күнделік жазуға арнасаңыз, онда жоспар құру мен мақсат қоюдан талмаған болар едіңіз. Мақсатты орындау – жетістіктің желкені.

Күніге 20 минутыңызды ішкі кіріс пен шығысыңызды есептеуге арнасаңыз, ойда-жоқта қаржылық қиыншылықтарға тап болмайсыз. Қаржылық есеп – ақшаны оңды-солды шашпауыңызға көмектеседі.

Күніге 20 минутыңызды пайдалы кітап немесе ақпарат оқуға арнасаңыз, таным көкжиегіңіз бен біліміңізді жетілдіре түсесіз. Кез келген ортада түрлі тақырыптағы әңгімелерге оңай араласа аласыз. Қоғамдағы оқиғалар мен түрлі жағдайларға қатысты жеке пікіріңіз қалыптасады.

Күніге 20 минутыңызды тынығуға арнасаңыз, жалығу мен мезгілсіз шаршай беруден аулақ боласыз. Үзіліссіз жұмыс - жүйкеңізге салмақ түсіреді. Салыңыз суға кетіп, 20 минуттан да көп уақытыңызды босқа өткізуіңіз мүмкін.

Жоспар құру бар, оны орындау бар. Бастап, тастап кету тағы бар. Ал біз жоғарыда айта кеткен бір күніңізге арналған 20 минуттық жоспарлар сіздерді ойландырады деген ойдамыз. Біреулер үшін бұлар көп болса, енді бір жандар үшін аз болып көрінуі де мүмкін. Олай болса, бір күніңізге қандай 20 минуттық жоспар қосар едіңіз? Айта отырыңыз.  

 

Дереккөз: massaget.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!