Еңбектің құны туралы тәмсіл

22:00, 16 ақпан 2017
1028

Өкінішке орай, біз үнемі бәрін басқаға қарағанда жақсы білеміз деп ойлаймыз. Көпшілігіміз біреудің еңбегін бағалай алмаймыз. Себебі, айналамыздағы адамдар  соны істеуге міндетті сияқты көрінеді. Бірақ өмір заңы басқа! Әр нәрсенің өз құны бар.

 

 Бір қыз танымал бір тігіншіге өзіне көйлек тіктірмекші болады, өйткені, ол тігінші әдемі әрі сапалы тігеді екен. Бірақ ол қыз тігіншінің бағасымен келіспейтін. Жұмысына қымбат сұрайды деп есептеген. Сол үшін тігін шеберханасына келе сала, ең алдымен бағасымен келісіп алуды жөн көреді.  

— Сіз өз көйлектеріңізге өте қымбат сұрайсыз, — дейді қыз.

— Солай ойлайсыз ба? Менің пікірім басқа, — деп тігінші қарсылық білдіреді.

— Қымбат болғанда қандай! Өзіңіз ойлап көріңізші — көйлек тіктіру үшін маған екі метрден артық мата керек. Солай ғой?

— Иә, солай, — деп келіседі тігінші.  

— Мінекей, егер матаның құнына жіптің, иненің, тіпті қайшының құнын қоссаңыз да, ең көп дегеннің өзінде екі есе арзан шығады. Сондықтан, мен сізге екі есе аз төлеуім керек.

Тігінші біраз ойланып тұрады да, былай деп жауап береді:

— Жарайды, қарындасым, сіз мені көндірдіңіз. Жарты бағасын беріңіз.

— Жақсы! — деп қыз қуанып кетеді.

— Келістік. Қазір мен сізден қажетті өлшемдерді аламын. Ал бір аптадан кейін менің көмекшім сізге көйлегіңізді жеткізіп береді. 

 

 Қыз бір апта бойы құрбыларына танымал тігіншіге көйлек тіктіріп жатқанын айтып, мақтанып жүрді. Құрбылары сенбей, бәрін өз көздерімен көрмекші болады. Көйлек келетін күні барлығы сол қыздың үйіне жиналады. Тігіншінің көмекшісі қорапты алып, қыздың үйіне келеді. Қыз қораптың ішін ашса, ішінде екі метр мата, екі орам жіп, инелер мен қайшы жатыр екен. Қыз ашуға булығып, тігіншіге барады. 

— Мені алдауға қалай дәтіңіз барды? — деп қыз тігіншіге айқай салады.

— Ешкім сізді алдаған жоқ, - деп тігінші басын шайқайды. – Сіз айтқан нәрселердің бәрін қорапқа салдым. Ал егер қорапта бірдеңе жетпесе, ол сіз төлеуге ұмытып кеткен нәрсе болуы мүмкін. 

 

Дереккөз: anabol.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!