Бақытты отбасы туралы тәмсіл

14:21, 17 ақпан 2017

Кішкене бір қалашықта екі отбасы көршілес тұрыпты. Олардың біреуі үнемі ренжісіп, ұрсысып күндерін өткізеді екен. Екінші отбасындағы ерлі-зайыптылар бір-бірінің көңіліне қарап, ешқандай дау-дамайсыз, ұрыс-керіссіз, тату өмір сүрген екен.

 Бір күні ұрысқақ әйел көршілерінің тату өміріне қызығып, іштей көре алмай, күйеуін көршілердің үйіне жіберіпті. «Барып байқап келші, қалай олар ұрыс-керіссіз өмір сүреді екен?» депті. Күйеуі барыпты да, ашық тұрған терезенің түбіне барып тың тыңдапты. Тура сол кезде тату үйдің әйелі үй жинастырып жатыр екен. Ақырындап қараса, гүл салатын қымбат вазаның шаңын сүртумен айналысып жатыр екен. Бір кезде телефон шырылдап қалады да , әйел асығып вазаны үстелдің шетіне қоя салады. Бір кезде бөлмеге күйеуі кіреді де, байқамай вазаны қағып кетеді. Ваза құлап, сынып қалады. Сол кезде терезенің түбінде оларды аңдып тұрған көршісі «Міне, қазір ұрыстың көкесі болады» дейді ішінен. Сол кезде әйелі келіп: «Жаным, кешірші, мен кінәлімін. Вазаны шетке қоя салып едім» - дейді.

˜— Жаным-ау, сенің еш кінәң жоқ, мен ғой, асығып келіп, қағып кеттім. Ең үлкен шығынымыз осындай болсын деп тілейік! – деп күйеуі әйеліне басу айтады. 

Осы кезде көршісінің жүрегі ауырып кетеді. Көңілі түсіп үйіне қайтады. Келе сала әйелі сұрақтың асытна алады:

— Қалай екен, көрдің бе? Ұзақ айналдың ғой?

— Иә, бәрін көрдім.

— Қалай екен?

— Олар «мен кінәлімін» деп таласады. Біз «менікі дұрыс» деп таласамыз! Бар болғаны сол!

Дереккөз: anabol.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!