Жұма намазға жиналған жамағат спартакиадада бақ сынады

14:02, 27 тамыз 2022
3669

Азаматтардың  дұрыс бағытта жүріп, олардың тура жолдан таймауы үшін Алматы қалалық Дін істері басқармасы дәстүрлі Исламның сан ғасырлық өнегесін насихаттап келеді. Тіпті діндар азаматтардың спортпен үздіксіз айналысуы үшін де бар жағдайды жасауда. «Ұлттық мұра» бағдарламасы мен қалалық Дін істері жөніндегі басқармасы бірлесе өткізген кезекті спартакиада  алып шаһар Алматы қаласының бес бірдей мешітінде өтті.

Жұма намазға жиналған көпшілік Конституция күніне орай ұйымдастырылған спартакиада барысында арқан тарту, қошқар көтеру, асық ату, армрестлинг секілді спорт түрлерінен бақ сынады.

Жиналған жамағаттың назарын өзіне аударған – Қошқар көтеру сайысы болды. Шын мықтылар бәсекесінде Қастер Сарқытбек жеңімпаз атанды. Ол 2 минут ішінде қошқарды 75 рет көтеріп, сыйға тігілген өз жүлдесін жетегінебайлап алып кетті. Арқан тартушылар сайысында ұйымшылдық танытқан «Көксарай» тобының апайтөс жігіттері топ жарды. Ал білекті жігіттердің бәсекесі – армрестлингте Абзал Пірімбек қарсылас шақ келтірмей, тұғыр биігінен көрінді. Асық атуда ұлттық спортымызды мықты меңгерген Таһир Ғарифолла мергендік танытып, бас жүлдені иеленді.

«Жамағат арасындағы жарыстарға көпшіліктің қызығушылығы жыл санап артып келеді. Өзім жуырда Қонаев қаласында өткен алыптар сайысына қатысып, жүлдегер атанған едім. Жамағат арасындағы жарысты естіген соң «неге қатыспасқа» — деген ой келді.  Армрестлинг, қошқар көтеру сайысында күшімді сынап көрдім. Бірінде алғашқы үштікке енсем, енді бірінде жеңімпаз атанды. Жалпы осындай спорттық шаралар жиі өткізілсе, елдің руханияты көтеріліп, мешіт жамағатының бірлігі нығая түседі», — дейді қошқар көтеру сайысының жеңімпазы Қастер Сарқытбек.

Қала тұрғындарын спортпен үздіксіз айналысуын қамтамасыз етуге арналған бірегей жобаның мақсаты – қала тұрғындарын жүйелі түрде дене тәрбиесі мен спортқа тарту, бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Дәстүрлі діндер арасындағы ауызбірлік пен татулықты, тыныштық пен тұрақтылықты, бейбітшілік пен ынтымақты дәріптеу. Жарыс соңынан жеңімпаздар мен жүлдегерлер  ұйымдастырушылардың бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!