ЖК онлайн ауыстыру қызметін 1,6 мың адам пайдаланған

12:45, 16 шілде 2018

Алматы. 16 шілде. 7kun.kz – Жүргізуші куәлігін (ЖК) ауыстыру үшін ХҚО-ға келетін азаматтардың саны күрт өсті, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі.

Осы орайда, азаматтар жүргізуші куәліктерін (ЖК) мамандандырылған ХҚО-ға бармай-ақ, кез-келген уақытта электрондық үкімет порталы арқылы ауыстыра алатынын естеріңізге саламыз. Бұл әдіс ұзын-сонар кезекте тұру мәжбүрлігінен құтқарып қана қоймай, уақытты үнемдеуге де мүмкіндік береді.

Жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру қызметін алу оңай әрі жылдам. Алдымен еgov.kz порталына кіріп, электрондық өтінішті толтырып, электрондық цифрлық қолтаңбамен растау қажет. Өтінішпен қоса фотосурет және қойған қолының скан-суреті де жолданады. Жеке кабинетке құжаттың дайын болғандығы туралы хабарлама келген соң (мобильді азаматтар базасына тіркелген жағдайда хабарлама SMS түрінде келеді) мамандандырылған ХҚО-ға барып, дайын ЖК алып кетуге болады.

Бөлімге барғанда, ауыстыратын ЖК, жеке басыңызды куәландыратын құжатты, өтініш пен баж салығын төлеу туралы электрондық чекті ұсыну қажет. Айта кетсек, жүргізуші куәлігінің баж салығы бұрынғыдай 1,25 АЕК, яғни 3 006,25 теңгені құрайды.

Егер ЖК мерзімі өтіп кетсе, психиатрлық және наркологиялық диспансерден анықтама, 083-нысандағы медициналық анықтаманы апару қажет.

Жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру қызметін биыл жыл басынан бері 1,6 мың адам пайдаланған.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!