«Жас отбасы» бағдарламасымен үй беру тоқтатылады

20:16, 20 наурыз 2017

Еуропаның орталық банкі айналымға 50 еуролық жаңа банкнот шығармақ. Нақты қашан екенін әріптесіміз Зайнұр Байжігіт айтады. Кезек «Экономика» айдарында. 

Зайнұр Байжігіт, тілші:

-Еуроаймақтың төл ақшасы түрленбек. Мұнда 50 еуролық жаңа банкнот айналымға шығады.  Кескіні өзгерген купюраның таралымы – 5 млрд дана. Онымен 4-сәуірден бастап есеп айырысуға болады. Еуропаның орталық банкі ескі ақшаны алмастыратынын былтыр маусымда жариялаған еді. Себебі дәл осы 50 еуролықты қолдан жасау деректері жиілеген.  Орталық банк алдағы уақытта 100 және 200 еуролықтардың да жаңаруы мүмкін екенін жеткізді. Ал 2019 жылдан бастап 500 еуролық банкнотты басып шығаруды тоқтатпақ. 

Былтыр елімізде шетелге ақша аудару қарқыны бәсеңдеді. Өткен жылы қаржы жіберу операцияларының саны 3 пайызға қысқарған. «Ранкинг.кз» сараптамалық порталы осындай дерек жариялады. Бірақ транзакцияның орташа сомасы 152 мыңнан 179 мың теңгеге дейін өскен.   Салдарынан шетелге аударылған қаржы көлемі артқан. 

Былтыр 382 мыңнан астам қаражат сыртқа жіберілді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 14 пайызға көп. Ақша аударымдары негізінен ресейлік және америкалық төлем жүйелері арқылы іске асқан.

Ел ішінде шайдың бағасы бір жылда 30 пайызға қымбаттады. Қазір оның бір келісі 2 мың 840 теңге тұрады. «Энерджипром» порталының мәліметінше,  қаңтар айында шамамен 2 мың тонна шай өндірілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға көп. Сөйте тұра, тауар бағасы арзандар емес. Себебі өндірушілер ел ішінен гөрі сыртқа шығарып сатқанға бейім.  Мәселен, былтыр экспортты 17 пайызға арттырған олар ішкі нарықтың 30 пайызын ғана қамтыған. Қалғанын сырттан тасып ішуге мәжбүрміз. Ең қымбат шай Алматы, Астана және Қостанайда сатылады. Мұнда басқа қалалармен салыстырғанда баға 38 пайызға қымбат. 

Елімізде «Жас отбасы» бағдарламасымен үй беру тоқтатылады. Мұны Инвестициялар және даму министрлігі хабарлады.  Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 2018 -2019 жылдары бұл бағыт бойынша бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Бұдан былай бұл санаттағы азаматтар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өтініш бере алады. Оның аясында жас отбасылар 10 соттық жер алуға құқылы. Немесе баспана үшін банктен алған несиенің 7 пайызын мемлекет субсидиялайды. Осылайша, Үкімет 15 жылда 1,5 млн отбасыны үйлі-күйлі қылмақ.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!