Зейнетақы мен жәрдемақы SMS арқылы тағайындалады

17:56, 17 сәуір 2019

Алматы. 17 сәуір. 7kun.kz – Қазақстандықтарға зейнетақы мен жәрдемақы SMS арқылы тағайындалады. Бұл туралы мәжілістің пленарлық отырысында «Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөнінде ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Майра Айсина айтты.

«Бүгінде проактивті (алдын-ала іс-қимыл) қызметтерді пилоттық режимде ата-аналар бала туғанда пайдалануда. Бала туғанда ата-аналар куәлік алуы керек, балабақшаға кезекке тұруы керек, бала күтіміне байланысты жәрдемақы жасатуға жүгіруі керек, баланы есепке қоюы керек. Бұрын осы қызметтерді алу үшін ата-аналар кемінде екі апта жұмсайтын, қаншама құжат жинайтын. Қазір проактивті әдістің арқасында ешқайда барудың қажеті жоқ. Қазір бұл қызметтің бәрін олар sms-хабарлама арқылы үйде отырып-ақ алады», – деп атап өтті ол.

Оның сөзінше, заң жобасы аясында пилоттық режимде қызметтің 27 түрі 17 түрлі проактивті қызметпен қамтылады.

«Әлеуметтік саладағы зейнетақы, жәрдемақы тағайындау, балаларды мектепке тіркеу, тегін тамақ және тағы да көптеген мемлекеттік қызмет түрлері бойынша проактивті әдіс енгізу жоспарланған. Ең басты мақсат – азаматтардың жағдайын жақсарту, уақытын үнемдеп, өмір сапасын арттыру», – деп түсіндірді депутат.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!