Зағипа Балиева журналистерге Сарыағаштағы оқиға туралы сұхбат берді

02:27, 15 наурыз 2018
545

Алматы. 15 наурыз. 7kun.kz – ОҚО-да жәбірленді деген бала мен әжесі ертең Астанаға барады. Бұл туралы Шымкентте жергілікті журналистерге сұхбат берген Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева айтты. 

“Уәкілетті өкіл ретінде мен баланы толық өз қамқорлығыма аламын. Бала қазір толықтай қауіпсіз жерде. Менің қасымда. Баламен бірге әжесі, әкпесі бар. Сондай-ақ, анасымен де сөйлестік. Анасы да келеді. Олар ертең Астанаға аттанады. Ол жерде бала дайын болған кезде жоғары білікті мамандардың қатысуымен толыққанды тексеру жүргізіледі. Мемлекеттік орган өкілдері білікті мамандарды тартуға қол ұшын береді”, деді Зағипа Балиева.

Оның айтуынша егер зорланғаны анықталса бұл іске қатысы бардың барлығы  тиісті жазасын алады.

“Дәлелденбегеннің өзінде баланың ары қарайғы жағдайы толықтай менің бақылауымда болады. Бұл менің уәкілетті өкіл ретіндегі жұмысым. Алматыға жібермеуге басты себеп -тәуелсіз сараптама заңсыз болуы мүмкін еді. Мұның барлығы заң аясында жүзеге асуы керек. Баланың айналасында өкіл, басқа да адамдар көбейіп бара жатқан соң ІІД тергеушісі арнайы шешім шығарып, баланың мазасын алмай, оқшаулауға тура келді. Бұл заң аясында жүзеге асты. Баланың құқығы қорғалды. Баланың қазіргі жағдайы жақсы. Көңілді. Психологпен сөйлесті. Қоғам алаңдамаса болады. Бәрі заңды түрде жүзеге асады”, деді ол.

Сондай-ақ, ол баланың ары қарай басқа жаққа қоныс аударуын да қадағалайтынын айтты.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!