Яндекс пен Hyundai Mobis жүргізушісіз автокөлік шығарды

10:08, 12 шілде 2019

Алматы. 12 шілде. 7kun.kz — Ресейлік «Яндекс» компаниясы мен Hyundai Mobis автокөлік компоненттерінің өндірушісі ынтымақтастық аясында жүргізушісіз көліктің алғашқы прототипін шығарды.

«Яндекс» компаниясының хабарлауынша, серіктестіктің алғашқы нәтижесі 2020 жылғы Hyundai Sonata жаңа моделі негізделген прототип болды.

«Қазіргі уақытта бірінші автономды Sonata жабық полигонда тестілеу кезеңін аяқтап, Мәскеу жолына шығуға дайындалуда. Біз Hyundai және Kia автомобильдерінің басқа да үлгілерімен жұмысты жалғастырамыз», — деді Яндекстің жүргізушісіз автокөліктер бағытының жетекшісі Дмитрий Полищук.

Компания өкілінің айтуынша, жаңа Hyundai Sonata сертификат алғаннан кейін, жаз мезгілінде Мәскеу жолына шығарылады.

Айта кетейік, наурыз айында тараптар жүргізушісіз автокөліктерге арналған бағдарламалық-аппараттық кешенді әзірлеу туралы келісімге қол қойды. Ынтымақтастықтың бірінші кезеңінде компания Hyundai және Kia сериялы автокөліктерінің негізінде жаңа прототиптерді әзірлеуге ниет білдірді.

Яндекс 2016 жылдың соңында көлікті жүргізушісіз басқару технологиясымен жұмыс істей бастады. Ағымдағы жылдың соңына дейін компания жүздеген жүргізушісіз автомобильдерді жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға шығаруды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта Toyota Prius базасында 50 машина дайын, оның бесеуі жүргізушісіз көлікті енгізу бойынша эксперимент аясында Мәскеуде тестілеуге кірісті.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!