Ұлттық банк басшысы қазақстандықтарға валюта айырбастау бекеттеріне жүгірмеуге кеңес берді

16:37, 21 маусым 2018

Алматы. 21 маусым. 7kun.kz – Парламент Сенатының жалпы отырысында Ұлттық банктің төрағасы теңге бағамына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2015 жылдан бері Қазақстанда айырбас бағамының еркін режімі іске қосылғанын еске салып өткен ол, Ұлттық банк валюталық саудаға араласпайтынын, бағам тек сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасатынын жеткізді.

«Біздіңше, қазір орын алып отырған жағдай барлық тұрақсыз дамып отырған нарықтардың элементі. Яғни барша әлемде дамушы валюталар АҚШ долларына қарсы әлсірейді. Біз экономикасы ашық  елміз, сондай-ақ әлемдік процестерге, қаржылық нарықтарға ықпалдасқанбыз. Сәйкесінше, бұл процестер Қазақстанға да әсер ететіні анық. Барлық ірі дамушы елдер, яғни Ресей, Түркия және Аргентина өздерінің валюталарын біртіндеп девальвациялауда. Осы орайда ақшаның әлсіреуі орын алуда, теңгеге де әсер етті, алайда теңгенің құбылмалығы дәрежесі айтарлықтай төмен», – деді ол.

Сонымен қатар ол теңге бағамына макроэкономикалық әрі іргелі факторлар ықпал ететінін атап өтті.

 «Бұл өз кезегінде біздің экспорттық таураларға, мұнайға қатысты. Бүгінде бұл өнімдердің құны өте жоғары. Осы орайда төлем балансы тұрақты екенін аңғартады. Атап айтқанда, барлық дамушы нарықтардың әлсіреуі маусымдық сипатқа ие», – деді Данияр Ақышев.

 Бұл тұрғыда ол Қазақстанда шетел валютасына сұраныс жоғары екенін сөз етті.

«Адамдар жазғы демалыстарда шетелге барады, балаларын өзге елдерге оқуға жіберіп жатады. Ал қалған азаматтарға айырбас бекеттеріне жүгірмеуге ұсыныс берер едім. Өткен жылы да осындай жағдай болған еді. Шетел валютасында есеп айырыспайтын адамдарға қазіргі кезде валюталық нарықта операцияларға қатыспауына кеңес беремін», – деді ҰБ басшысы.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!