Украинадағы соғысқа қарсы болған Ресей дипломаты қызметтен кетті

09:57, 24 мамыр 2022

Алматы. 24 мамыр. 7kun.kz – Женева қаласында Ресейдің БҰҰ жанындағы өкілдігінде қызмет еткен Борис Бондарев «Путиннің Украинаға ашқан қанды қырғынына» қарсымын деп қызметтен кеткен, деп хабарлайды 7kun.kz.

BBC таратқан мәлімет бойынша, енді дипломатты Ресей билігі сатқын деп есептейді. Ал қызметтен кетуін түсіндірген Бондарев Украинадағы соғыс «украиналықтар мен Ресей халқына жасалған қастандық» деп мәлімдеді.

Ресей билігі әзірге ешқандай түсініктеме бермеген. Осы күнге дейін Кремль өзінің ресми ұстанымына қарсы болып немесе Украинадағы соғысты «арнайы әскери операция» деуден бас тартқандарды түрлі жолмен жазалап келеді.

Борис Бондарев әлеуметтік желіге жазған хатында 20 жылдық қызмет жолын аяқтайтынын, «бұл ақылға қонымсыз қанды қырғынға ары қарай аралас алмайтынын» мәлімдеген.

«Бұл соғысты бастағандардың жалғыз мақсаты бар, ол – билікте мәңгілік қалу. Сол үшін олар қанша адамның өмірі керек болса, сонша өмірді құрбандыққа шалмақшы. Мыңдаған ресейлік пен украин азаматы сол үшін қаза тапты», деп жазды Борис Бондарев.

BBC-ге берген сұқбатында Бондарев қызметтен кетуден басқа жол жоқ екенін айтқан. Оның әріптестері Украинаға шабуыл басталғанда дұрыс болды деп қуанғанын еске алды. Ал қазір олардың тек кейбірі сол әрекетіне аздап өкінеді екен. Бондарев әзірге соғысқа ашық қарсы шыққан жалғыз ресейлік дипломат.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!