Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 1,2 млн салымшысы мемлекет сыйлықақысын алды

15:50, 10 ақпан 2020

Алматы. 10 ақпан. 7kun.kz — Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 274 мыңнан астам клиенті 101 000 теңгені құрайтын ең жоғары мемлекет сыйлықақысына ие болды. Клиенттерінің депозиттеріне 2019 жылдың қорытындысы бойынша 38 млрд теңге түсті. Бұл туралы ТҚЖБ-нің баспасөз қызметі хабарлады. 

2019 жылы ТҚЖБ-нің клиенттері өз шоттарына 505 000 теңге, яғни 200 АЕК-ке тең қаражат жинады. Ал 200 айлық есептік көрсеткіштен жоғары ақша жинаған салымшылар сыйлықақы берілмеген жинақ бөлігі бойынша мемлекеттік сыйлықақыны 2020 жылдың қорытындысы нәтижесінде алады. 

«Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне деген сенім елімізде жыл санап артып келеді. Соған байланысты Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының саны да ұлғаюда. 2019 жылы банкте 406 954 жаңа депозит ашылды. Заң бойынша оларға мемлекет жыл сайын сыйлықақы бөліп отырады. Аталған бонус қазақстандықтарға баспанаға тезірек қаражат жинап, қоныс тойларын тойлауға көмектеседі. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымдары банк сыйақысын қосқанда – нарықтағы ең табысты депозит. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің көлемі 14%-ға дейін жетеді, — деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. 

2019 жылдың қорытындысы бойынша мемлекет 1,2 млн қазақстандық азаматтың салымдарын арттыруға көмектесті. Салыстырмалы түрде қарастырсақ, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 1 036 841 салымшысы, ал 2017 жылдың қорытындысы бойынша 896 620 клиенті мемлекет сыйлықақысын алған.

Айта кетейік, 2020 жылы ең жоғары мемлекет сыйлықақысының мөлшері 106 040 теңгені құрайды. Оны алу үшін банктегі шотыңызды бір жыл ішінде кем дегенде 530 200 теңгеге (200 АЕК) толтыру керек. Орта есеппен салымшылар депозиттеріне ай сайын 44 000 теңгеден салып отыруы керек.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!