Тоқаевтың кеңесшісі артық төлем туралы пікір білдірді

22:18, 4 сәуір 2020

Бүгін Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов әлеуметтік желідегі парақшасында банктердегі артық төлем туралы пікір білдірді.

Оның жазуынша артық төлемді алып тастау үшін Ұлттық банк, Қаржы нарығын қадағалау агенттігі, Үкіметтің бірлескен күрделірек дағдарысқа қарсы бағдарламасы керек. Яғни, бір банктің шаруасы немес мәселесі емес. 

«Әдеттегі уақытта кредит алып, төлей алмасаңыз пайызы бар, үстіне өсімпұл қосылады. Қаржы нарығын қадағалау агенттігінің 26 наурыздағы бұйрығында банктер өсімпұл қоспау керектігі көрсетілген. Сондай-ақ, үш айға төлемді шегеру туралы нұсқаулық берілген. Бұл Қаржы нарығын қадағалау агенттігінің бар істей алатыны. 

Ал банктер төлемді шегеру кезінде пайыз қоса алады, ол артық төлем саналады. Бұл олардың табысы. Банктер қазір ақша айналымының азаюына шыдап отыр, егер табыстан айырылса оның салдары кәдімгідей болады.  Егер банктер табыссыз қалса онда елдің төлем жүйесі құлауы мүмкін. Сондықтан басқа шешім керек. 

Пайыздарды қысқартып немесе тіпті алып тастау үшін Ұлттық банк, Қаржы нарығын қадағалау агенттігі, Үкіметтің бірлескен күрделірек дағдарысқа қарсы бағдарламасы керек. Шешім табылады деп үміттенемін. Ал 3 айға төлемді шегеру — уақыт ұту үшін, тұтанған өртті сөндіру шарасы», — деп жазды Құдайбергенов.

Оның жазуынша банктер қазіргі жағдайда қалыпты әрекет етіп отыр.  

«Кейбір банктер мысалы, Kaspi қосымшасына онлайн өтініш беру мүмкіндігін қосты. Егер шегерім алғың келсе, тетікті басасың, кредит бойынша талаптар қалай өзгеретіні көрсетіледі. Ары қарай келісесіз немесе бас тартасыз.  Скрииндерге қарасаң Каспи бәрін өте ыңғайлы жасаған, бір ғана беттік, әрі төлем мерзімін үш айға шегерді. 

Көптеген банктер осылай жасады. Кейбір банктер төлем кестесін жылжытпастан, үш айдың ақшасын қалған айларға бөліп тастады, бұл айлық төлемді көбейтеді. 

Ары қарай жағдай қалай боларын көреміз. Ары қарайғы шешімнің банктер мен мемлекет, қарыз алушылардың бәріне ыңғайлы алтын ортасы болуын құдайдан тілемін», — деп жазды ол.

Айта кетейік, қазақстандық банктер Президент бастамасымен кредит бойынша төлемдерді үш айға шегерген болатын. Шегеру кезінде өсімпұл, айыппұл болмайды, несие тарихы бүлінбейді. Алайда қазақстандықтар артық төлемнің болуына наразылық білдіре бастаған. Құдайбергеновтың жазуынша оны алып тастаса қаржы жүйесінің жағдайы нашарлайды. Сондықтан реттеуші, банктер мен үкімет арасында дағдарысқа қарсы жаңа бағдарлама жасалуы керек. Оның нәтижесі халыққа да, банктерге де ыңғайлы болғаны дұрыс.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!