Тоқаев: Сайлау демократиялық талаптарға сай өтті

11:38, 12 маусым 2019
116

Нұр-Сұлтан. 12 маусым. 7kun.kz — Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Президенті сайлауында жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтуде. Ел Президенті кезектен тыс өткен сайлау туралы өз пікірін білдірді.

«Ең алдымен, мені қолдаған барша қазақстандықтарға алғыс айтамын. Бұл, сайлау шын мәнінде демакратиялық талаптарға сай өтті. Сайлау алаңында нағыз ашық бәсекеге түсу мүмкіндігі болды. Саяси бағдарламалар сайысқа түскен әділ дода болды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, осы бәсекеде халықтың парасаты, даналығы жеңіске жетті.

«Бұл жеңіс — халқымыздың жеңісі!», — деді ҚР Президенті.

«9 маусымда Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс берген әрбір азаматтың пікірі біз үшін маңызды. Өйткені, халқымыздың татулығы, ынтымағы, бірлігі біздің ең басты құндылығымыз» — деп атап өтті Қ. Тоқаев.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы өзінің басты мақсаты елдегі әр азаматтың мүддесін қорғау екенін атап өтті.

«Оларды (халықты) саяси ұстанымдары мен көзқарастарына қарай бөлуге жол бермеймін. Түрлі саяси, қоғам қайраткерлерінен келіп түскен ұсыныстар мен бастамаларды өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық әрі әділ жұмыс істеймін», — деді Қазақстан Президенті.

Источник: 7kun.kz


Пікір