ТҚЖБ бағалаушыларға арналған қосымшаны іске қосты

12:42, 10 маусым 2019
328

Алматы. 10 маусым. 7kun.kz – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Бағалаушылар кабинеті» арнайы қосымшасын іске қосты. «Бағалаушылар кабинеті» шұғыл түрде жылжымалы мүлікті бағалау есебін жасауға және оны онлайн-режимде банкке ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл жөнінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Алматы қаласында бағалаушы компаниялар өкілдерімен өткен кездесу барысында айтты.

Осы қосымша іске қосылғаннан бері несиелік өтінімді қарастыру мерзімі айтарлықтай қысқарды. Мәселен, осыған дейін өтінімдер 15 күн ішінде қарастырылса, енді бұл процесс тек 3 күнде жүзеге асырылады.

Қазіргі сәтте қосымшада 216 бағалаушы компания бар. Бұған дейін аталған сервисті пайдалану үшін банк 2 500 теңге мөлшерінде комиссия алса, енді 2019 жылдың 17 маусымынан бастап бұл қызмет түрін тегін пайдалануға болады.

«Бүгінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ең ірі кепілзат иесі. Портфеліміздің кепіл бағасы 2 трл.теңгені құрайды. Осы жылдың алғашқы бес айы ішінде біз шамамен 17 000 займ бердік. Бұл — банк тарихындағы рекордтық  көрсеткіш. Сондықтан, біз үшін тұрғын үйді бағалау жұмыстарының жылдам, сапалы әрі айқын түрде жүргізілуі өте маңызды. Алдағы уақытта «Бағалаушылар кабинетіне» қалған серіктестеріміздің де қосылатынына сенеміз. Қазіргі кезде Қазақстан бойынша 1 200 бағалаушы компания қызмет көрсетеді. Бәріміз бірге жұмыс істесек, азаматтарымызға ең қысқа мерзімде сапалы қызмет көрсетін боламыз», — деп атап өтті Ләззат Ибрагимова.  

Сондай-ақ, кездесуде бағалаушы компаниялар проблемаларын талқылау барысында «Бағалаушылар кабинеті» аясында барлық жасалған мәмілелер бойынша анықтамалық ақпаратты тұрақты түрде ұсыну жөнінде шешім қабылданды. Бұл жылжымалы мүлікті бағалау сапасын арттыруға көмектеседі.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде ерекше құрал, яғни, мәмілелердің бағасы жөнінде мәліметтер бар. Оларды пайдалана отырып, бағалаушы компаниялардың нақты сандарға жүгінуіне мүмкіндік беретін баға өлшемдерінің картасын құруға болады. Бүгінде мұндай база тек риэлторлар мен мемлекеттік органдарда ғана бар және олар бұл ақпаратты басқаларымен бөліскісі келмейді. Сондықтан, бағалаушы компаниялар өз жұмысы барысында негізінен нарықтағы бағаларға жүгінеді. Яғни, нақты мәмілелердің бағасы туралы мәліметтер жоқ. Сол себепті жылжымалы мүлікті бағалау кезінде кейбір қателіктер кетіп жатады. Осылайша, кәсіби бағалаушылар қоғамдастығы өз жұмысының сапасын арттыру үшін шынайы дереккөзіне барынша қызығушылық танытуда. Ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мол тәжірибесі кепілзат бағасын анықтау кезіндегі қателіктерді азайтуға және бағалаушы компаниялар мен банк арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға көмек береді», — деп атап өтті бағалаушы және консалтингтік компанияны дамыту директоры Владимир Колченко.

Кездесу соңында банк басшылығы мен бағалаушы компаниялар өкілдері Бағалаушылар кеңесін құрып, ұсыныстар мен проблемалық мәселелерді талқылау мақсатында әр үш ай сайын кездесу туралы шешім қабылдады.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!